Рамазан-2023: Оразаға қатысты 10 сұрақтың жауабы

Ораза ұстау
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады. Бұл айда мұсылман қауымы Алла разылығы үшін отыз күн ауыз бекітіп, тамақтан тыйылады. Нутрициолог, халықаралық интегративті anti–age expert дәрігер Меруерт Шахабаева ораза ұстаған кездегі қателер туралы, ауызашар мен сәресіде қалай тамақ ішу керек екені жайлы айтып берді. 

1. Алдын ала дайындық

Рамазан айы 10 күннен соң басталады. Ораза алдында міндетті түрде организмді дайындау керек.  Себебі ораза кезінде организм өзін тазалайды – құрғақ детокс процесі жүреді. Оған көмектесу үшін өтті алдын ала тазаласақ, құрғақ детокc процесі 5-10 есе қарқынды жүреді. Өтті тазалау үшін дене қозғалысын көбейту керек. Қан айналымын жақсарту үшін құрамында С, D дәрумендері бар өнімді көбірек жеу қажет.  

Ораза басталған соң сәресі уақытында 50 рет секіру керек, бұл лимфаайналымды жақсартады. Ораза аяқталғанша күн сайын суға “Лимфомиозот” деген тамшыны қосып ішкен дұрыс. Оны ауыз ашқан соң күніне бір рет бір стақан суға 10 тамшы тамызып ішеді. 

2. Организм сусызданбауы үшін не істеу керек?

Рамазан айында адамның терісі құрғап, ерні жарылып кетеді. Бұл организмге су жетіспегеннен болады.

Организм сусызданбауы үшін электролит қосылған су ішу керек. Электролит немесе минерал тастар дәріханада сатылады. Бұл "шунгит тастар" деп те аталады. Бір қорабын сатып алып, үш-төрт түйір кішкентай тасты тәулік бойы ыдысқа құйып қою керек. Бұл суды ауыз ашқан соң және сәресіге бір-екі сағат қалғанда тұрып ішу керек. Электролит судың организмге сіңуіне көмектеседі.

Ауыз ашқаннан кейін ұйықтағанша қайта-қайта жарты стақан жылы су ішіп отыру керек. Тәтті сусын, компот емес, таза су болғаны маңызды. 

3. Рамазан айында қалай тамақтанған жөн?

Рамазан айының алғашқы 10 күнінде организм тазарып жатады. Сондықтан бұл күндері ауыр, майлы тағамнан бас тартқан дұрыс. Құс етін, көкөніс жеу – ең дұрысы. 10 күннен кейін организм жаңа кезеңге үйрене бастайды. Осы кезде мәзірге ақуыз, май мен қызыл етті қоса беруге болады.

4. Сәресіде не жеу керек?

Сәресіде май, ақуыз, жасұнық көп болуы керек. Бастапқы 10 күнде тауық немесе үндік етін жеуге болады. Мысалы, алғашқы күні сәресіге үндік етін асып, жанына сүйек сорпасын әзірлеуге болады. Дастарханға ферменттелген қырыққабат қойыңыз, оның құрамында жасұнық бар. Екінші күні майсөк – тарыны майға бұқтырып жасалатын танымал тағамды әзірлесеңіз болады. Бұл да – күрделі көмірсу, организмге өте пайдалы. Қияр турап жеңіз, оның құрамында жасұнық бар. Тауық немесе үндік етін пісіріңіз, оның құрамында ақуыз мол. Алғашқы күндері асып-тасып, бар дәмдіні дастарханға қоюдың қажеті жоқ.

5. Ауызашарда не жеген дұрыс?

Ал ауызашарда бір-екі стақан жылы су ішіп, құрма жеген соң бірнеше минут тынығып алу керек. Уақыт кіре салып, бірден тамақ ішуге болмайды. Құрма ішке түскен соң организмде глюкоза көтеріледі. Ал ішкен суымыз асқазанды созады. Бұл процесс бірнеше минут жүреді, мұны асқазанның дайындығы деуге болады. Осы тұста бірден ауыр ас ішер болсаңыз, асқазан ауруларына шалдығуыңыз мүмкін.

Оразаның бірінші күні ауызаршарда жеңіл сорпа ішкен жөн. Бұл маш немесе нарын, орыс ұлтының ұлттық тағамы - қырыққабат сорпасы болуы мүмкін. Бұған қоса міндетті түрде ферменттелген қырыққабат жеген жөн. Бұл – іш қатуды болдырмайтын керемет өнім. Ораза ұстайдындардың көбінің дерті осы іш қатқаны ғой.

Ал екінші күні голубцы пісіруге болады. Жанына зәйтүн майы қосылған жеңіл салат дайындаңыз. Сонымен қатар жатар алдында ешкі йогуртын жеген жөн. Бұл асты жақсы қорытады. Күн өткен сайын мәзірді түрлендіріп, 10 күннен кейін қызыл етті де қоса беруге болады.

6. Оразада кофеинді, темекіні, тәттіні тұтынуға бола ма?

Ораза ұстаған адамға кофеин ішіп, көп тәтті жеп, темекі шегуге болмайды. Организмде құрғақ детокс процесі жүріп жатқанда паразиттер мен құрттар өздігінен өле береді. Тәттіні, кофеинді, темекіні тұтынар болсақ, сол өлгелі тұрған құрттарға қорек беріп, қайта тірілтіп аламыз.

Бұған қоса күні бойы ашығып, бірден шылым шеккенде оның түтіні асқазан-ішек жолы мүшелерінің тінін тітіркендіреді. Ал кофеиннің несеп айдайтын әсері бар, бұл шөлдеуге итермелеуі мүмкін. 

7. Созылмалы ауруға шалдыққан адам ауыз бекіте ала ма?

Бұл тұста шешім шығаратын маман – дәрігер. Сондықтан ораза ұстағыңыз келсе, әуелі маманмен бірге денсаулығыңызға баға беру керек. Дәрігер адамның ауруы өршу немесе жазылу кезеңінде тұрғанына қарауға тиіс. Осыдан кейін ғана дәрігер пациенті ораза ұстауға болатын-болмайтынын шешеді. 

8. Ораза ұстап жүріп спортпен айналысуға бола ма?

Әрине, болады. Бірақ денеге қатты ауыртпалық түсірмеген абзал. Жеңіл жаттығу жасап тұрған жөн. Йога, пилатес, созылу сияқты энергияны көп жұмсамайтын жаттығулармен айналысуға кеңес беремін. Ауызашарға дейін не кейін жаяу жүрген артық болмайды. Бұған қоса организмдегі феритин мөлшерін тексертіп алған жөн. Феритині төмен адамға спортзалға баруға мүлдем болмайды.

9. Сәресіге дейін тоқтамай тамақ жеген дұрыс па? 

Үсті-үстіне тамақ жей беруге болмайды. Жүкті әйелдер оразадан босатылған. Бірақ ауыз бекітуге ниет еткендері болса, олар сәресіге дейін тамақ іше беруге міндетті. Бұл бала емізетін әйелдерге де қатысты. Оған қоса жас келе организмдегі ақуыз массасы азаятындықтан, егде жастағы адамдар да сәресіге дейін құрамында ақуызы көп өнімдерді тұтынғаны абзал. Ешкінің йогурты, айран және жеміс пен көкөністерді көптеп жегені жөн.

10. Ораза кезіндегі қателер

  1. Адамдардың көбі сапасыз тамақтанып, кейін күні бойы қарны ашып жүреді. Майлы, ақуызы мол өнімдерді тұтынбай, организмді уақытша жеңіл көмірсумен алдайды. Круассан, бәліш сияқты ұн өнімдерін жеп, тойып қалғандай болады. Көп өтпей, қарны аша бастайды. Мұның орнына ақуыз бен жасұнықты көбірек тұтыну керек. Жұмыртқаның ақуызы, құс еті, тары, үрмебұршақ пен жасымықты көбірек жеу керек. Мәзірге брокколи, қияр, жасыл мен көкөністі көптеп қосу қажет.
  2. Жиі кездесетін екінші қате мынау: кейбіреулер қатты шөлдеп, су орнына ауыз ашқанда лимонад немесе басқа тәтті сусын іше салады. Бұдан қандағы қант деңгейі көтеріліп кетуі мүмкін.
  3. Сәресіде қатты тойып алуға болмайды. Организмге бұлай ауыртпалық түсірсеңіз, артынан кекіріп, ықылық тиіп қаласыз. Кейінірек тіпті асқазан жарасы пайда болуы мүмкін. Жалпы дұрыс тамақтана білсек, ораза организмге жағымды әсер етеді. Бірақ жегеніңізге немқұрайды қарап, Рамазан аяқталғанда асқазан ауруларына шалдығып қалмаңыз.