Оралдық Әмір Қами адам ойын оқитын құрылғы жасап шығармақ

Жас жеткіншек —  бүгінде инженерлік-технологиялық университетіндегі «студенттік конструкторлық бюроның» белді мүшесі. Ол қазіргі уақытта арнайы бағдарламаны меңгеру үстінде. Бұл болашақта адам ойын оқуға мүмкіндік береді.

«Менің басымдағы «Нейроскай» деген құрылғы. Ол біздің миымыздағы сигналды қабылдап, компьютерге шығарады. Ол миымыздың жұмысын, не ойлайтынымызды көрсетеді. Болашақта осы технологиялар, мысалы, мұғалім сабақ бергенде оқушының тыңдап-тыңдамайтындығын көріп біле алады. Қазіргі уақытта миым жұмыс істеп жатыр, бірақ та шаршадым, соны көрсетіп тұр», -дейді Әмір Қами.

Ал университет профессоры Сергей Кибальников студенттерді жаңа методика бойынша оқытып жатқандықтарын жеткізді.

«Біз негізгі екі бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соның бірі шет тілдерін меңгеру барысында пайдаға асады. Мәселен, арнайы көзілдірікті киген студенттің алдына бір нәрсені қоямыз. Сол кезде арнайы бағдарлама оның шет тіліндегі аудармасын көрсетеді. Оқытудың мұндай тың әдіс-тәсілдері үйренушінің қажетті сөздерді ұмытып қалмауына көмектеседі»,  — дейді профессор.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде 12 мыңдай студент білім алады. Олар меңгеретін 20 мамандықтың тең жартысы қазірдің өзінде инновациялық технология саласында қолданыста. Мысалы, студенттер 3D принтинг арқылы модельдеу тәсілдерін үйренеді. Олардың кей IT жобалары биыл EXPO-2017 көрмесіне қатыспақшы.

Дереккөз24.kz