Алматы қаласы Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барған қала тұрғыны мекемеде микронесие жарнамасының көрсетіліп жатқанына наразылық білдірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Блогер әрі қазақ тілін үйренуге арналған оқулық авторы Глеб Пономарев Threads әлжелісінде кезегін күтіп отырған кезде ХҚКО-дағы экрандардан микронесие жарнамасын байқағанын жазды.

Осыған байланысты NewTimes.kz редакциясының сұрағына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жауап берді.
Мекеме мәліметінше, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 380 және 540-баптарына сәйкес, мемлекеттік корпорацияға тиесілі мүліктің бір бөлігі ақпараттық LED-медиатіректерді орнату және пайдалану мақсатында уақытша мүліктік жалға берілген. Мұндай шешім мемлекеттік корпорацияның уәкілетті органы өз құзыреті шегінде қабылдаған.
«Азаматтарға арналған үкімет» ХҚКО-лардың фронт-офистеріндегі экрандарда көрсетілетін жарнамадан ешқандай табыс алмайтынын мәлімдеді.
«Жарнаманы дайындау, мазмұны, орналастыру және тарату мәселелері «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Сондай-ақ жалға беру туралы шартта жарнаманың жекелеген санаттарын орналастыруға шектеулер көзделген. Жалға алушы қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға міндетті», – делінген мемлекеттік корпорацияның жауабында.
Мемлекет корпорациясы ХҚКО-ларда көрсетілетін жарнамалар ұйымның жарнамаланған тауарлар мен қызметтерді қолдайтынын немесе ұсынатынын білдірмейтінін де атап өтті.
Мекеме өкілдері ақпарат материалдарының орналастырылуына қатысты сұрақтары немесе ескертулері бар азаматтар 1414 байланыс орталығы, e-Otinish сервисі немесе мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы өтініш жолдай алатынын хабарлады.
