Басты бетЖаңалықтарСмайылов азық-түлік...

Смайылов азық-түлік қымбаттаған өңір әкімдеріне ескерту жасады

19 наурызда премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен мемлекет басшысының тапсырмаларын және ҚР әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын орындау бойынша кезекті кеңес өтті.

Жыл басынан бері Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 8% өсті. Бағаның өсуі барлық өңірде тіркелді. Өңірлер бойынша өткен аптада баға ең жоғары өскен Батыс Қазақстан облысында — 9,5%, Ақтөбе облысында — 8,7%, Павлодар облысында — 7,1% және Атырау облысында — 6,7%.

Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының айтарлықтай өсуіне жол берген бірқатар өңір әкімдеріне ескерту жасады.

Облыста жыл басынан бері де, бір апта ішінде де барлық ӘМАТ бойынша бағаның өсуіне жол берілген. Бұл халыққа едәуір қиын. Біз Оралдағы көптеген дүкенді араладық. Қант бағасы бір жерде төмен, ал бір жерде жоғары. Мен адамдарды еліміздің барлық өңіріне арнайы жолдадым. Кейбір сауда орындарында баға 20% көтерілген. Үстеме бағаны бақылау керек, оны ешкім қадағаламай отыр,- деді Әлихан Смайылов БҚО әкіміне.

Сонымен қатар Ақтөбе облысының әкіміне ескерту жасалды, онда ел бойынша бағаның ең жоғары өсу көрсеткіштері тіркелді: картоп бойынша 32,8%, сәбіз бойынша 38,3%. Премьер-министрдің айтуынша, өткен аптада Қазақстан Республикасында жедел рейд шараларын өткізу кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз көтеру фактісі бойынша 5 мың бұзушылық анықталды.

2022 жылғы 17 наурыздағы жағдай бойынша сауда объектілерінің, өндірістік кәсіпорындардың, қоймалардың қуатын, тұрақтандыру қорларын қоса алғанда, ӘМАТ республикалық қорлары: 421 992 тонна картоп, 70 876 тонна сәбіз, 103 490 тонна пияз, 42 860 тонна қырыққабат, 11 832 тонна қарақұмық жармасы, 29 165 тонна күнбағыс майы, 28 005 тонна қант және басқа да өнімдер.

Өткен аптада монополияға қарсы ден қою шаралары шеңберінде Қазақстан Республикасында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, сонымен қатар сауда үстемесін 15%-да 10%-ке дейін төмендету туралы 9 шарт жасалды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда ұн өндірушімен, Қарағанды облысында сауда желілерімен, Қостанай облысында қант пен қарақұмық көтерме жеткізушілерімен, Атырау облысында сүт өнімдері мен тауық жұмыртқаларын өндірушілермен, Батыс Қазақстан облысында тауық жұмыртқаларын өндірушімен шарттар жасалды.

Заңбұзушылық деректері бойынша өткен аптада 8 тергеу басталды. Қостанай облысында тауық етін көтерме жеткізушісі «Опт Торг Company Plus» компаниясы бойынша; Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында тауық жұмыртқасын өндірушілер бойынша «Қарағанды Құс» ЖШС, «Құрма агрофирмасы» ЖШС, «Үштөбе Құс» ЖШС, «Ижевский» ЖШС, «Павлодар Құс» ЖШС, «Шарбақты Құс» ЖШС, «Алекри» ЖШС, «Адель Құс» ЖШС; Маңғыстау облысында «ҚазАзот» АҚ аммиак селитрасын өндіруші бойынша; Алматыда  «ҚазФосфат» ЖШС аммофос өндіруші бойынша; Ақтөбе облысында «КАИС инвест» ЖШС және «Фирма Ас-Ан» ЖШС көтерме жеткізушілері бойынша тергеу басталды.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр сауда комитетіне кезекті кеңесте өңірлерде бекітілген бөлшек сауда үстемесін сақтау мониторингі бойынша атқарылған жұмыс қорытындысы және бұзушылықтардың негізгі себептері туралы баяндауды тапсырды.

Сонымен қатар, премьер-министр өңірлердің басшыларына болжамды қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін ерте пісетін көкөністерді отандық өндірушілермен алдын-ала келісім жасасуды ұсынды.