Универсиада алауы Алматыға келе жатыр

Астанада көптен күткен Универсиада алауы жағылды. Назарбаев Университетінен бастау алған шараға Елбасы қатысып, байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі. Ал эстафеташылар Президенттің пәрменімен қала көшелерімен алауды алып өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Осы 4-5 күннің ішінде алау бүкіл Қазақстанды шарлап шығып, спортшыларымызға деген ел тілегін қабыл аласыздар, арманын, ойын. Сондықтан жеңіске жетуге ол көмегін тигізетін болады. Бұл – тұңғыш рет тәуелсіздік жылдарының ішінде жеткен жетістігіміздің бірегейі. Бұндай дүниежүзілік доданы біз еш уақытта Қазақстанда өткізіп көргеніміз жоқ. 57 елдің спортшылары келетін болады. 170 мемлекеттің сайлауымен біз ұтып алдық.

Президенттің ақ тілегімен Универсиада алауын алғаш болып көтеру мәртебесі хоккейші Мадияр Ыбырайымбековке бұйырды.

Мадияр алауды алып өтіп, тізгінді Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левитке табыстады.

Осылайша эстафетаға жалпы саны 60 адам қатысты. Олардың барлығы арнайы іріктеуден өткен. Мұндай жауапты міндет 17 мен 28 жас аралығындағы білім мен спортта жетістікке жеткен, салауатты өмір салтын ұстанатын нағыз патриот студенттер мен аспиранттарға жүктелді.

Сол жағалаудағы Қабанбай даңғылынан басталған эстафета оң жағалаудағы Кенесары көшесіндегі ескі алаңда межеге жетті. Жолдың қашықтығы – 12 шақырым. Эстафеташылардың әрқайсысы шамамен 200 метрді жүгіріп өтті. Елордада тұтанған алау қала әкімі Әсет Исекешевке табысталып, Алматыға жөнелтілді.

Дереккөз24.kz