Ата-аналар да мектепте ағылшын тілін оқитын болды

Алғаш рет қолға алынған шара арнайы жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде жүзеге асып отыр. Мәселен, үй жұмысын орындау кезінде өз баласына ата-ананың 56 пайызы көмек көрсете алмайды екен. Осыдан кейін ұстаздар тарапынан түскен ұсынысты көбі қолдаған.

Сабақ тегін, аптасына екі рет жүргізіледі. Кешкі алтыда баласын мектептен алып кетуге келген ата-ана бір сағат уақыттарын осы жерде өткізбек. Тәжірибелі шетелдік ұстаздар дәріс оқып, сабақ үйретеді.

Гүлмира Шәріпханова, ата-ана:

«Басқа пәндерден көмектесіп, бірге сабақ қарасамын. Ал ағылшын тілін осы мектептің мұғалімдерінің арқасында оқып жатыр. Өзім ешқандай көмек көрсете алмаймын. Осы тілді үйреніп, баламмен ағылшынша қарым-қатынас жасағым келеді. Күнделікті қызметіме орай арнайы оқытатын оқу орнына баруға жағдайым жоқ. Сондықтан осы бастаманы қолдап келіп отырмын.»

Селман Шимшек, мектеп директоры:

«Тіл үйренуде мәселе мектеппен бітпейді. Бала күндіз мектепте үйренген нәрсесін үйде де жалғастыруы керек. Баладан сұрау кезінде нақты жауап алатын ата-анасы тілді білсе, білім деңгейін бірден көтеруге болады. Бір жағынан, ата-аналар оқушылардың жағдайын анық түсінетін болады.»

ДереккөзҚР БҒМ