Ақжарқын Тұрлыбай Қытай түрмесінде жұмыс істеп жүр

ҚХР-дағы Қазақстан Елшілігінің консулдық бөлім жетекшісі Болат Сырлыбаев бүгін Гуанчжоудағы тергеу изоляторында Ақжарқынмен кездесіп, 40 минуттай әңгімелесіп қайтты. Дипломаттың айтуынша, қазір Ақжарқынның көңіл-күйі жақсы. Келесі мерекелік аптада Ақжарқын жұмысқа тартылмайды және 16 адаммен бірге камерасында демалады. Елші қазақ қызын ақпан айындағы туған күнімен құттықтап, карточкасына белгілі мөлшерде ақша салып берді. Ол биыл 23 жасқа толады.

«Ақжарқын тергеу абақтысында бірреттік пакеттерге қолғаптар мен басқа да бұйымдарды салып, қаптайды. Ақжарқын күнде Қытай теледидары арқылы жаңалықтарды тыңдай алады (күніне 1-1,5 сағат теледидар көруге рұқсат етілген — агенттік). Ақжарқын келесі жолы отбасымен бірге түскен суреттерін беріп жіберуді өтінді. Көзілдірік мәселесін шешіп бердік. Бұрын оның камерасында ыстық су болмаған, қазір бұл мәселе де шешілген», — деді ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен Болат Сырлыбаев.

Дипломат қазақстандық қорғаушы Сұңқар Нұрмағамбетовтің Ақжарқынның соты 27-28 ақпан күні өтеді деген мәліметті растаған жоқ.

Еске сала кетейік, қазақстандық студент Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында Қытай мен Малайзияның шекарасында ұсталды. Оның жүгінен 4,5 келі есірткі табылды. Қыз сөмкесінде есірткінің барын білмегенін, оны біреулердің беріп жібергенін айтты. Кейін Қытай соты оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Бұл іске қатысты Қытай соты ауыр жаза тағайындап, оны өмір бойы бас бостандығынан айырған болатын. Алайда кейін, Есірткі, психотропты заттардың заңсыз айналымымен күрес Орталық Азиялық аймақтық орталығы жас қыз нигериялық есірткі мафиясының құрбаны болуы мүмкін екенін айтқан. 2016 жылдың 7 сәуірінде апелляциялық сот сатысы Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айырған сот үкімінің заңды күшін тоқтатып, алғашқы сот сатысына істі қайта қарау туралы қаулы шығарған.

ДереккөзInform.kz