Атырау облысы Шахандағы оқиғадан сабақ алды

Мəжілісте облыс тұрғындарының жеке қазандықтарды қауіпсіздік ережелерін сақтамай пайдаланып отырғаны сөз болды. Мəселен, Жылыой ауданында жеке қазандықтың 1858 пəтерде жағылып отырғаны, бірақ солардың 50-інің ғана қауіпсіз екені айтылды. Мұндай жауапсыздықтың салдарынан былтыр облыста 41 адам газдан уланып, бір кісі қаза болған.

Əр аудан ерекшеліктерін ескеріп мəселені реттеудің өзінше жолдарын ұсынды. Мəселен, Жылыой ауданының əкімі тұрғындардан ережені сақтауды талап етеміз, болмаса оларды орталық жылу жүйесіне қосамыз десе, Махамбет ауданы əкімдігі мəселені бір топ пəтерге ортақ қазандық орнату арқылы реттейміз деді.

Мəжілісте айтылған тағы бір мəселе тұрғындардың қазандықтарын тексертуден қашатындығы болды.

«Атырау қаласындағы Балықшы ауданында тұрғындардың көбі артық жұмыстан қашып, есіктерін ашпайды. Сол себепті, қазандықтарды толық тексеріп шыға алмай отырмыз», — деді Атырау қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Серікбай Қазиев.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев қазандықтар мәселесін келесі жылыту маусымына дейін шешу керектігін баса айтып, қарамағындағыларға тапсырма берді.

«Қазандықтар мәселесін шешу ең алдымен тұрғындардың өздері үшін қажет. Қиын кезеңдерде халықтың жылыну үшін қазандықтарды асығыс жүріп өздері орнатып алғанын жақсы түсінеміз. Дегенмен, қазір жағдай түзелді. Қауіпсіздікті толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бұл ең алдымен əр адамның, əр отбасының жеке қауіпсіздігі. Соны халық түсінуі керек. БАҚ арқылы тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», — деді облыс əкімі қарамағындағыларға.

Естеріңізге салайық, қаңтардың басында автоматтандырылған жылыту қазандығындағы ақаудың себебінен Қарағанды облысындағы Шахан елді мекені мен Шымкент қаласында ірі апат болып, бірнеше адам қаза тапты. Осыған байланысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев əкімдерге жылыту маусымын тиісті деңгейде өткізуді тапсырған еді.