Жаңа оқу жылы басталғанда студенттердің жатақханадан орын алу мәселесі үнемі көтеріледі. Республика бойынша Алматыда студенттер көп. Биыл жоғары оқу орындары аралас форматта оқытатындықтан студенттер қалаға келуі керек. Мегаполистегі пәтерді жалға алу да бірден қымбаттап кетті. Мысалы, пәтер іздейтін платформалардың бірінде Алматының Бостандық ауданындағы бір бөлмелі үйге айына 160 мыңнан 280 мың теңгеге дейінгі ақшаны сұрап отыр. Ал Алатау ауданындағы пәтерді жалдау 60-200 мың шамасында. Бір бөлмелі пәтерге көп дегенде 3-4 студент сияды десек, 200 мыңдық пәтер әрқайсына 50 мың теңгеден түседі. Коммунал қызметтерді тағы төлейді. Оның үстіне пәтердің ақшасын қалтасы көтермейтіндер бар. Сондықтан біразы жатақханаға орналасуға жанталасады. Ал оқу орнының жатақханасына орналасу үшін 18-ге толған студенттер вакцина паспортын көрсетуі керек. Baribar.kz тілшісі Алматыдағы бірнеше жоғары оқу орны жатақхана мәселесін қалай шешіп жатқанын білді.

ҚазҰУ

ҚазҰУ, университет
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті жатақханаға бірінші кезекте 1-курс студенттерін орналастырған. 6 қыркүйектен бастап жоғары курс студенттерінің әлеуметтік категориясы бойынша құжаты бары ғана жатақханаға орналаса алады екен.

Жатақхана ата-анасының қамқорынсыз қалған, өзінің немесе ата-анасының мүгедектігі бар, көпбалалы отбасынан шыққан және шетелден келген студенттерге беріледі. Олимпиадалар мен универсиадалардың жүлдегері, үздік студенттер де осы қатарға кіреді, — деп жазылған оқу орнының сайтында.

Студенттер үйіне жолдама алған азаматтар міндетті түрде COVID-19-ға қарсы вакцина салғызып, оның паспортын ұсынуы керек. Ал кейінгі үш айда коронавируспен ауырып, жазылғандар мен 18 жасқа толмаған студенттер ПТР сараптамасын апта сайын тапсырып отыруға тиіс.

Қазақ ұлттық университетінде жатақхана бағасы — айына 13 200 теңге.

Сәтбаев университеті

Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті
Фото: Satbayev.university

Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті биыл 1 681 студентке жатақханадан орын берген. Ал жалпы осы қыркүйекте оқуға келген студент саны 10 мыңнан асады. Университет әкімшілігі студенттерді вакцина салғызуға үндеп отыр.

Сәтбаев университеті барлық студент пен олардың ата-анасын коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырады. Бұл — эпидемиология жағдайын жақсартудың және дәстүрлі форматта оқытуды жалғастырудың жалғыз жолы. Вакцина университет қабырғасында студенттерге сапалы білім беру үшін өте маңызды, — деп жазды университет әкімшілігі Instagram-парақшасына.

Сәтбаев университеті вакцина салғызған студенттер арасында байқау да ұйымдастырған. Оның нәтижесі бойынша 10 студентке жатақханадан орын берген.

Жатақханада тұрғысы келетін студенттерге қойылатын басты талап – вакцина салғызу немесе ПТР сараптамасын жасату. Жатақханадан орын әуелі 1-курс студенттеріне беріледі. Олар айына 6 200 теңгеден төлейді.

ҚазҰПУ

Агу, университет
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университеті де жатақхананы әлеуметтік жағдайына қарай әуелі бірінші курс студенттеріне береді. Оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, өзінің немесе ата-анасының мүгедектігі бар, көпбалалы және аз қамтылған отбасында өскен, Қазақстан азаматы емес қандастар, білім беру бағдарламалары бойынша университетке түскен ауыл жастары қатарындағы тұлғалар бірінші орналастырылады. Осы санат бойынша студенттер орналасып болғаннан кейін мүгедектігі бар балаларға арналған интернаттан келген, III топтағы мүгедектігі бар және «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгісімен марапатталған аналардың балаларына мүмкіндік беріледі.Бұл туралы ҚазҰПУ-дың Instagram-дағы ресми парақшасында айтылған.

Университет әкімшілігі пандемия жағдайына байланысты жатақханаларға бірден барлық студентті орналастыра алмайтынын айтып отыр. Ал бөлме бағасы биыл аздап көтерілген. Себебі оқу орнының бес жатақханасы да жөнделген, компьютер, кір жуғыш машинамен қамтылған.

Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жатақханасына тұруға айына 12 600 теңге төлеу керек.

Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
Фото: Ablaikhan.kz

Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті 1-курс студенттерінің онлайн оқуына байланысты жатақханаға өтініш бермейтінін хабарлаған. Ал жоғары курс студенттерінің арасында мүгедектігі барлар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар және IELTS тапсырғандарға жеңілдік беріледі.

ID коды бар студенттер жатақханаға өтінішті жүйенің көмегімен береді. Ал оқуға енді түскендер арнайы пошта арқылы өтініш жібереді.

Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің жатақханасына студенттер жылына 50 000 теңге төлейді.

Қыздар университеті

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақ ұлттық қыздар педагогика университеті 15 қыркүйекте жатақхана мәселесі бойынша Instagram-парақшасында тікелей эфир өткізіп, сұрақтарға жауап берді. Университеттің Стратегиялық даму және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Жанар Рысбекованың айтуынша, жатақханада 2 700 орын бар. Орынды барлық курс студенті мен колледжде біліп алушылар алуға құқылы.

Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша 18 жасқа толған студенттер вакцина салғызуы керек. Ал кәмелет жасына толмаған студенттер жатақханаға өтініш бергенде вакцина паспортының орнына жеке куәлігін тіркей алады, — деді проректор Жанар Рысбекова.

Қыздар университетінің бір жатақханасына айына 15 000 теңге төлеу керек. Ал қалған жатақханалардың бағасы — айына 9 000 теңге.

Еске салайық, 7 қыркүйекте Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов студенттердің бәрі жатақханаға орналаса алмайтынын айтып, мәселе көтерген еді.

Студенттердің тұруына жағдай жасамай, олардың басты қажеттілігін өтемей, білім сапасын көтеру мүмкін емес. Қазір 129 ЖОО мен 795 кәсіптік білім беретін оқу орындарында миллионнан астам студент оқып жатыр. Олардың 175 мыңы ғана жатақханаға орналасқан. Ал 80 мыңнан астам студентке жатақхана жетіспейді. Бұл әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудың нақты бірыңғай жоспары жоқ екенін көрсетеді, — деді Мәди Ахметов.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты бұл мәселеге Асқар Маминнің назарын аударғысы келетінін жеткізді.

Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы да көтерілді. Бакалавр студенттері 31 423 теңге, педагогика мамандығында оқитындар 50 400 теңге, магистранттар 76 950 теңге, ал докторантура студенттері 172 500 теңге алады.