Екі дисплейі бар ноутбук

Ноутбуктың қорабын ашқан кезде бұның жай ғана кеңсе аппараты емес екенін көрсететін детальдарды байқайсың. Бұл, әрине, кей қолданушыға маңызды емес шығар. Бірақ мен оларға қатты мән беремін. Қорабы, оның ішінде ноутбуктың қалай орналасқаны, қабы, бөлек тұрғаны, стилусы – осының бәрі ультрабуктың жақсы дүние, бағалы, құнды зат екенін байқатады, — дейді бас редактор Димаш Зиядин.

ZenBook Duo 14 ноутбугы қанықтығы ерекше (400 кд/м2-ға дейін), PANTONE Validated сертификаттауынан өткен, түсті дәл беретін NanoEdge дисплейімен ұсынылған. Оның көзге қауіпсіз екені TÜV Rheinland эргоном сертификатымен мақұлданған. Сыртқы рамасы өте жіңішке, экран ауданы тұтастай 93%-ті алып тұр. Ультрабуктың қосымша сенсорлы ScreenPad Plus дисплейі бар. Ол автоматты түрде 7 ° жоғары көтеріліп тұрады. Қосымша экран көп тапсырманы қатар орындауға мүмкіндік береді. Ішінде арнайы оңтайландырылған қосымшалары жұмысты жеңілдетеді.

Asus ZenBook Duo 14
Asus ZenBook Duo 14. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бірден көзге түсетіні – ерекше сыртқы конструкциясы: екі экран. Әрине, екі экранды көргенде менің ойыма бірден келгені – «Бұл ноутбук фото, видеоредакторларда жұмыс істеуге арналған екен» деген ой. Өйткені өзім білетін мамандар екі экранмен жұмыс істейді. Олар стационар жеке компьютерге немесе ноутбукке басқа бір дисплейді қосып алып жұмыс істеп отырады. Сондықтан екі экранды байқағанда менде сондай ассоциация болды, – дейді ол.

Asus ZenBook Duo 14
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жұмысты максимал өнімді ету мүмкіндігі

ScreenPad Plus сенсорлы экраны ноутбуктың негізгі дисплейін толықтырады. Оның басты мақсаты – жұмысыңызды барынша өнімді ету. Экран бір сәтте түрлі жұмысты қатар істеуге мүмкіндік береді. Оған кез келген қосымшаны немесе панель құралдарын түсіріп, негізгі дисплейде жұмыс кеңістігін босатуға болады. Қосымша экран ScreenXpert 2 бағдарлама жасақтамасын қолданады, бұл кіріктірілген утилиталар жиынтығымен көп тапсырманы жеңілдетеді.

Жеке қолданушы ретінде екінші экраннан өзіме қызық дүние таптым. Шыны керек, екі экраны бар құрылғыны бірінші рет пайдаланып тұрмын. Бірақ оның соншалықты ыңғайлы әрі өте қажет екеніне көзім жетіп, таңқалып отырмын. Музыка көп тыңдаймын, ноутбугымда әдетте қосымша уиджеттер, шағын бағдарламалар, блокнот сияқты мәтін бағдарламалары жиі ашық тұрады. Мысалы, кейде блокнотта жазуларды форматынан арылтамын, калькуляторда жылдам бірдеңелерді есептеп жіберемін немесе тыңдап отырған музыкамды паузаға қойып, келесіге ауыстырамын. Осындай майда жұмыстар тұрғысынан екінші экран көп көмек жасайтын сияқты. Қарапайым қолданушылар үшін де. Оны фото, видеоредактор ретінде ғана қолдану міндетті емес сияқты. Мысалы, Youtube-тен музыка қостым да, оны кішкентай экранға лақтырып жібердім. Сөйтіп үлкен экранда жұмысымды ары қарай жалғастырып істей бердім. Рас, қарапайым ноутбуктарда да артық беттерді жаппай-ақ, осыларды істей беруіңе болады. Соған кететін уақыт, микросәттер бір қарағанда ештеңе емес. Бірақ мына ультрабукпен жұмыс істеп отырып, оның қаншалықты маңызды екеніне көзім жетіп отыр, — дейді Димаш Зиядин.

Димаш Зиядин
Димаш Зиядин. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фото өңдеу кезінде панель құралдарын, бастапқы файлдарды ScreenPad Plus экранына түсіріп, негізгі дисплейде жұмыс орнын кеңейтуге болады. Видеомонтаж кезінде де монтаж жолағын, файлдарды төменге түсіріп, редакциялаған өте ыңғайлы. Кеңсе жұмысында да сенсорлы экранның пайдасы көп – әріптестер чатын қосалқы дисплейге тастап, негізгі жұмысты қатар жүргізуге, видеоконференция өткізуге өте қолайлы. 

ScreenPad Plus-пен жұмыс істеу 

Басқару панелі — шығармашылық жұмыс кезінде кәсіби қосымшалармен ыңғайлы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жаңа құрал. Ол басқару элементтерінің төрт түрін ұсынады: дөңгелек шкала, батырма, слайдер, скроллиң. Мысалы, олардың көмегімен қылқалам түрін, қабат мөлдірлігін, түс қанықтығын өзгерте аласыз. Басқару панелі пайдаланушының қалауына қарай оңай реттеледі және Adobe-дің танымал бағдарламаларымен (Photoshop, Lightroom Classic, Premiere Pro және After Effects) үйлесімді жұмыс істейді. Болашақта ол одан да пайдалы қосымшаларға қолдау көрсетеді.

Asus ZenBook Duo 14
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қуатты конфигурация

Басқа аппараттармен салыстыра қоюға келмейді. Салмағы бір қарағанда ауырлау көрінді. Бірақ ауырдың да ауыры бар ғой. Бұл ультрабуктың ауырлығы иығыңды басатындай емес, шын мәнінде бір металдардан, сапалы дүниелерден жасалғаны, оны ашқаны кезде салмағын басып бір орында тұра қалғаны — осының бәрі элегант болып көрінеді. Бұның бір «сүйекті» құрылғы екенін байқатады, — дейді редактор.

Иә, ZenBook Duo 14 – «сүйекті» ноутбук. Ол заманауи компоненттермен жабдықталған. Процессоры — Intel Iris Xe графикалық ядросы қондырылған Intel Core 11-буын. Бірнеше қосымшаны негізгі және қосалқы экрандарда бір уақытта іске қосқанда жылдам жұмыс істеуді, олардың арасында үздіксіз ауысуды Intel Core i7 көпядролы процессоры қамтамасыз етеді. ZenBook Duo 14 ішіндегі NVIDIA GeForce MX450 видеокартасы өнімділік пен қуат тиімділігі жағынан алдыңғы буын MX моделінен асып түседі және фотосуреттер мен видеода жылдам өңдеу мүмкіндігін ұсынады.

Asus ZenBook Duo 14
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Салмағы – 1,6 келі. Жіңішке әрі өте ыңғайлы, бар болғаны — 17,3 миллиметр. Бұған себеп – жоғары көтерілетін ScreenPad Plus экраны. Ол вентиляцияға да жақсы әсер етеді. Аппараттың қуаты жұмысына, екі дисплейдің жарығының деңгейіне байланысты 13 сағатқа дейін белсенді жұмыс істеуге жетеді. Тағы бір ерекше деталь ретінде ErgoLift эргономикалық шарнирін атауға болады. Ол ноутбуктың пернетақтасын 4,5 ° көтереді, бұл қолға қолайлы.

Asus ZenBook Duo 14
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Клавиатурасы басында маған ыңғайсыз болып көрінді. Бірақ кішкене жазғаннан кейін қолым үйрене бастады. Бұл енді әдетке байланысты шығар. Егер сенің қолың үйреніп кетсе, менің ойымша, ешқандай проблема тудырмас. Тачпадтың оң жақта болғаны және оның шағын екені өте қатты ұнады. Енді ойланып отырмын: үлкен ноутбуктардың ортасында тачпадтың далдай болып көп орын алуында қандай мән бар? Мына жерде тачпад шынымен маған жеткілікті болып тұр, — дейді Димаш Зиядин.

Ноутбуктың фишкалары

ScreenPad Plus – сурет салғанға, қолмен жазғанға тамаша құрал. Оның үйлесімді серігі жаңа ASUS Pen қысымның 4096 деңгейін анықтай алады.

Asus ZenBook Duo 14
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Стилус қаламын қолдану өте қолайлы екен. Бір нәрсені жаза салғанға, түртіп алғанға сондай ыңғайлы. Клавиатурада жазған, тінтуірмен бірдеңені түрткілеген — бір басқа, ал өзің үйренген қаламмен жазған, сызған, сурет салған – мүлде бөлек әңгіме. Бұл ноутбук ерекше әсер сыйлай алады екен, — дейді редактор.

Asus ZenBook Duo 14
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

ZenBook Duo 14 барлық перифериялық құрылғыны, соның ішінде DisplayPort және Power Delivery режимдерін қолдайтын Thunderbolt 4 (USB-C) порттар жұбын қосуға арналған жоғары жылдамдықты интерфейстердің толық жиынтығын ұсынады. Өткізу қабілетінің жоғары болуының арқасында (40 Гбит / с) олар кескінді сыртқы 8K мониторға немесе 4K монитор жұбына шығара алады. Сымсыз желілерге қосылу үшін ноутбукта эксклюзив ASUS WiFi Master Premium технологиясымен оңтайландырылған Wi-Fi 6 (802.11ax) модулі бар.

Қуаттағышының USB-C екені қатты ұнады. Кең таралып жатқан формат қой. Сондықтан бұны өте сәтті жасаған деп ойлаймын. Сыртқы формасы әдемі, ұнамды. Бұл ноутты мақтанып алып жүруге тұрарлық деуге болады, — дейді Димаш Зиядин.

Адам жүзін танитын аутентификациясы да — ZenBook Duo 14-тің ерекше фишкасының бірі. Оның инфрақызыл камерасы адамның бір қарағанда-ақ жүзін анықтап, құлыпты ашады. Бұл Windows Hello функциясының көмегімен жүзеге асады. Ол тіпті қараңғыда да мінсіз жұмыс істейді.

Димаш Зиядин
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

ASUS инженерлері ZenBook Duo 14-тің аудиомүмкіндігін арттыру үшін жоғары сапалы динамикалық жүйелер жасаудың ұзақ тарихы мен бай тәжірибесі бар Harman Kardon фирмасымен ынтымақтастықта жұмыс істеді. Нәтижесінде осындай ықшам мобайл компьютерде бұрын-соңды болмаған дыбыс сапасын ұсынатын SonicMaster аудио технологиясының жаңа нұсқасы пайда болды.

Дауысы қатты, анық шығады. Қазір менде төрт ноутбук бар жолдасымның, қызымның, өзімнің үйдегі және жұмыстағы ноутбугым. Салыстырып айта аламын, ZenBook Duo 14-тің аудиомүмкіндігі бірден байқалады. Бұл ультрабук нағыз мобайл платформа болып отыр, — дейді Димаш Зиядин.

Asus ZenBook Duo 14
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Редактордың ойынша, ноутбук негізгі фишкасымен – екі экранымен көп қолданушыға ұнауы мүмкін. Фото және видеоредакторлармен жұмыс істеуге де ыңғайлы. Стилуспен немесе қолмен, бағдарламалармен, тінтуірмен ауыстырып, жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Ал қарапайым қолданушы болсаң, бірнеше уиджетіңді төменгі түсіріп тастап, ары қарай чаттарыңды, калькуляторыңды, тағы басқа қосымшаларыңды төменгі қойып, алаңдамай жұмыстарыңды негізгі экранда жалғастыра аласың. Уақытыңды, миллисекундтарыңды үнемдейсің. Бұл құрылғы бір сәтте бірнеше тапсырманы қатар жүргізуге мүмкіндік береді. Екі экранның ортасында курсоры өте жылдам қозғалады. Жылдам ауыстырып отыруға болады, керек заттарыңды төменге, жоғарыға ауыстырып немесе экранды қосып жіберіп, видео көрсең де болады.

Димаш Зиядин
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұл ноутты стационар ретінде қолданған қызық сияқты. Аппаратты алдыма қойып, бірнәрсені жазып көрдім, кішкене ыңғайсыздау болды. Оның спецификалық формасы бар – кәдімгі ноутбук сияқты жазылып тұрмайды. Астында көлбеу аяқшасы тұр, сонымен көтеріліп тұрады. Сондықтан кез келген жерге отыра қалып, жазамын деп емес, стационар бір орында тұратын немесе бір нақты үстелдің үстіне қойып жұмыс істейтін құрылғы сияқты көрінді. Сипаттамалары өте мықты. Процессоры, батареясының ұзақтығы, видеокартасы — бәрі керемет. Қарапайым қолданушы ретінде бәрі нанымды, сенімді, сапалы көрінді. Әрине, кәсіби шолушылар арнайы бағдарламаларын қосып жіберіп, ананы-мынаны өлшеп быт-шытын шығаруы мүмкін. Бірақ қарапайым қолданушы ретінде бұның өте сапалы екенін байқап отырмын, — дейді Baribar редакторы Димаш Зиядин.

НОУТБУККЕ ШОЛУ ASUS ҚОЛДАУЫМЕН ЖАСАЛҒАН

Asus logo