Алматы тұрғындары коронавирусқа қарсы вакцина туралы не ойлайды?

Қазақстанда бір тәулікте коронавирус жұқтыратындардың ең көп дерегі Алматыда тіркеледі. Қала вакцина салдыру бойынша да көш бастап тұр. Baribar.kz тілшілері Алматы тұрғындарынан вакцинация жөнінде сұрады.

Сауалнамаға қатысқандар мына сұрақтарға жауап берді:

  1. Вакцинация керек пе?
  2. Вакцина салдырдыңыз ба? Салдырсаңыз, қай түрі?
  3. Өз еркіңізбен бе? Әлде жұмыс орны талап етті ме?

Блиц-сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі коронавирусқа қарсы вакцинаны өз еркімен салдырғанын айтты. Көбі Ресейдің «Спутник V» вакцинасын таңдаған.

Дегенмен олардың арасында екпеге сенбейтіндер де, жұмыс орны талап еткені себепті амалсыз салдырғандар да бар екен. Олар вакцинаға не үшін сенбейтінін түсіндірді.

2021 жылдың 15 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша Қазақстанда коронвирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 7 160 129 адам, II компонентін 5 982 331 адам салдырды.

Вакцина салғызғандар бойынша Алматы көш бастап тұр. Мұнда I компонентті 916 736, II компонентті 814 080 адам салғызған.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы 7 вакцина тіркелген. Олар:

  • Ресейдің «Спутник V» вакцинасы. Ол 2021 жылдың 15 ақпанында уақытша 9 ай мерзімге тіркелді. Вакцинаны 18 жастан асқан азаматтарға салуға болады.
  • 2021 жылдың 5 қаңтарында Қазақстанның QazVac вакцинасы уақытша 9 ай мерзімге тіркелді. Биыл 20 ақпанда вакцинаға 18 ай мерзімге жаңартылған тіркеу куәлігі берілді.
  • Қытай өндірген CoronaVac вакцинасы 2021 жылдың 19 мамырында 8 ай мерзімге уақытша тіркелді. Оның тиімділігі — 83,5%, вакцина инфекция жұқтырғандардың ауруханаға жатқызу қаупін 100% төмендетеді.
  • Ресейдің «Спутник Лайт» вакцинасы 2021 жылдың 12 шілдесінде тіркелді. Бұл — «Спутник V» вакцинасының бірінші компоненті. Оның тиімділігі – 79,4%, ал «Спутника V-дікі» 90% еді. Есесіне «Спутник Лайт» иммунизациясы тез, басқа вакциналардай 42 күннен кейін емес, 28 күннен соң тиімділік көрсете бастайды.
  • Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген қытайлық Hayat-Vax вакцинасына 2021 жылдың 15 сәуірінде 8 ай мерзімге уақытша тіркеу куәлігі берілді. Вакцинаны жасау үшін белсенділігі жойылған вакцина жасау технологиясы қолданылған. Вирус организмде қорғаныс антиденелерін түзу қабілетін сақтай отырып жойылады.
  • 2021 жылдың 21 шілдесінде елімізде Қытайдың Vero Cell (Sinopharm) вакцинасы 8 ай мерзімге тіркелді. Оны Бейжің биологиялық өнімдер институты әзірлеген.
  • Pfizer-BioNTech Comirnaty («Комирнати») вакцинасы Қазақстанда 2021 жылдың 23 тамызында уақытша 8 ай мерзімге тіркелді. Вакцина 12 жастан асқан ересектер мен жасөспірімдерге арналған. Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer вакцинасын ең әуелі жүкті әйелдер мен балаларға салдыратынын айтты.

Видеоны түсірген: Бақдәулет Әбдуалы