Алматыда әл-Фараби даңғылы бойында болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Істі қаланың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сот процесіне судья Еркін Майшинов төрағалық етіп жатыр. Айыпталушы орындығында 32 жастағы кәсіпкер А.П. отыр. Оған ҚР қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы).
Бүгінгі сот отырысында қайтыс болған 22 жастағы Т.К.-ның туыстары тыңдалды. Марқұмның анасы қызының қаза болғаны туралы қаралы хабарды 21 наурыз күні таңертең естігенін айтып, мәйітті тану үшін мәйітханаға барғанын жеткізді.
Сотта оның жазбаша өтініші де оқылды. Онда айыпталушының кінәсін толық мойындағаны, өкініш білдіргені, кешірім сұрағаны және келтірілген материалдық әрі моральдық шығынды өтегені көрсетілген.
Осыған байланысты марқұмның анасы сотталушыға талап қоймайтынын айтып, оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Дегенмен ол түпкілікті шешімді соттың қарауына қалдырды.
Айта кетейік, бұған дейін өткен сот отырыстарында өзге жәбірленушілер де айыпталушыны кешірген болатын.
Еске салайық, үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына байланысты полиция қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
