«Тақиялы періштедегі» негізгі локация – «Алматы» қонақүйінің алдындағы Айша жұмыс істейтін анықтама бюросы. Қазір қонақүй сол орнында тұр. Тек киоск жоқ.

Алматы қонақүйі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Алматы қонақүйі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қонақүйдің қасындағы «Иссык» рестораны да әлі бар. Фильмде Тайлақ пен Айшаның осы ресторанда тамақтанып отырғаны, мейрамхана маңында қыдырғаны көрсетіледі.

қонақүй, кафе
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Айтпақшы, Шәкен Аймановтың мүсіні осы «Алматы» қонақүйінің алдына орнатылған болатын. Себебі бұл ғимарат өткен тарихтың, Алматының мәдени ортасының белгісі іспетті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Шәкен Айманов
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Алматы» қонақүйіне қарсы бетте Абай атындағы қазақ академиялық опера және балет театры орналасқан. Фильмде ғимарат бірнеше кадрда көрсетіледі.

ГАТОБ
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тайлақтың анасы Тана апай ауылдан ұлының туған күніне келеді емес пе? Үйдегі отырыста Тайлақтың жасы 28-де екені, үйленбей жүргені сөз болады. Осы кезде оған сырттай ғашық Алтыншаш қиялға беріледі.

Алтыншаштың қиялы бойынша Тайлақ екеуі некесін қидырып, мереке ұйымдастырады. Фильмнің дәл осы сәті қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде түсірілген екен. Ол үшін ғимараттың маңдайшасына арнайы «Дворец бракосочетания» жазуы ілінген.

Университет
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Университет
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұл туралы Тайлақ ролінде ойнаған Әлімғазы Райымбеков Хабар арнасы түсірген «Бір туынды тарихы циклі» деректі фильмінде айтады. Алтыншаштың қиялындағы тойды түсіруге университет студенттері де жұмылыпты. Екі минутқа жуық кадрды түсіру тобы тек бір дубльмен аяқтаған көрінеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тайлақ Тана апайдың төрт қыздан кейін көрген жалғыз ұлы еді. Сондықтан ол ұлын үйлендіремін деп, келін іздей бастайды. Бір күні Тана апай автобуста Аймен сұлумен танысады.

Қыз қанша бас тартса да, анасы ұлын «Ол — жай адам емес, періште» деп мақтай бастайды. Дәл осы кадрда М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының ғимараты көрінеді. Театр әлі сол қалпында тұр.

Лермонтов театры
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Лермонтов театры
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Комедияның желісі бойынша Тайлақ пен Айша футбол алаңының маңында танысады. Ол жер – қазіргі Орталық стадион.

Қанша жыл өтсе де, алаңның қоршауы, қақпасы өзгермепті. Тіпті фильмде бар күміс түсті мүсіндер де қаз қалпында.

Орталық стадион
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Орталық стадион
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Содан кейін жастардың қалада серуендегені көрсетіледі. Осы кадрлардан «Целинный» кинотеатрының маңдайшасын көріп қалуға болады. Бұл ғимарат әлі тұр, жөндеуден өтсе де, маңдайшасындағы ескі жазу әлі бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
"Целинный" кинотеатр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фильмнің түсірілімі «Медеу» мұзайдынында жалғасады. Тана апай келін іздеп жүріп, фигурист Ленамен танысады. Лена ролінде белгілі спортшы Людмила Воронина ойнаған.

Медеу, мұзайдын
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Медеу, мұзайдын
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тана апай ұлының Айшамен сөйлесуіне қарсы болады. Бірақ жастардың өз жоспары бар еді. Олар Алматының әдемі қысында серуендегенді жақсы көреді.

Осы кадрларда қазіргі Қазақ-британ техникалық университетінің ғимараты әдемі көрсетілген. Ол кезде ғимарат Қазақ КСР-нің Жоғарғы кеңесіне тиесілі еді. Тарихи ескерткіш 1951-57 жылдары салынған.

КБТУ
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тақиялы періште комедиясы тек Тайлақ туралы емес. Мұнда Тана апай да өзіне серік табады. Ол – Нияз. Тіпті екеуі бірге концерт көруге барады. Фильмде концерт залының сырты түсірілген. Бұл – бұрынғы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы спорт сарайы, қазіргі Балуан Шолақ атындағы спорт кешені.

Қазақфильм киностудиясы
Фото: В.Подгорный
Балуан Шолақ атындағы спорт кешені
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Балуан Шолақ атындағы спорт кешені
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Фильмдегі әр эпизодтың ел жадында жатталып қалу сыры нағыз халықтық қасиеттің көрсетілуінде болар. Мұнда ұлттық менталитет сәтті қамтылған. Аңғал да жасампаз, өмірге құштар қазақтың жан әлемі тұңғиық тереңнен, ішкі нәзік иірімдерден соншама бір тылсым шуақ арқылы суреттеледі. Елдің мінезі сүрбойдақ баласын аяқтандырамын деп шарқ ұрған қарапайым әйел образы арқылы ашылады. Мұнда қазақ халқының үлкенді сыйлау, кішіпейілдік сияқты озық салт-дәстүрі көрсетіледі. Режиссер елдің рухын көтеретін, ұлттық сананы дәріптейтін дәл осындай фильм қажет екенін жақсы түсінген», — дейді Айша ролінде ойнаған актриса Шолпан Алтайбаева «Әдебиет порталына» берген сұхбатында.

Шынында фильмде қазақтың тұрмысы ғана емес, сол кездегі танымал тұлғалар мен спортшылар, сонымен қатар қалалықтардың өмір сүру мәдениеті әдемі берілген. Арада қанша жыл өтсе де, қазақ көрермені бұл фильмді көруден жалықпайды.

"Тақиялы періште" фильмі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Тақиялы періште» комедиясы жарыққа шыққан соң ауылдан қалаға көшкен қазақ жастары көбейген деседі.

Алматы қонақүйі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алматыны аралап, «Тақиялы періште» фильмінде көрсетілген орындарды іздеп жүріп, қаладағы өнер-мәдениет ошақтарының аса өзгермегенін байқауға болады. Комедияны сүйіп көретін көрермен бұған өзі де көз жеткізе алады.

Тайлақ ролінде ойнаған Әлімғазы Райымбеков 19 қаңтарда өмірден озды. Актер былтыр 20 желтоқсанында 85 жылдық мерейтойын атап өткен еді.

* * *

Тағы оқыңыз: «Тест: “Тақиялы періште” фильмін қаншалық жақсы білесіз?«