Қызылорда облысында жылу маусымына дайындық жүріп жатыр

2020 жылы «Қызылорда жылу электр орталығы» кәсіпорнына қазіргі және күрделі жөндеу жүргізу мақсатында «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында 4 миллиард теңге бөлінген. Бүгінге жұмыстар орташа есеппен 93% орындалды.

Сонымен қатар «Қызылорда электр тарату тораптары» акционерлік қоғамының жалпы 1,8 мың шақырым болатын әртүрлі кернеудегі электр желілеріне және 233 қосалқы трансформаторлық станцияларына жаңғырту жұмыстарына ЕБРР арқылы 2,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмыстар қазіргі таңда 76%-ға орындалды.

«КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы — алдағы жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін 56-дана ГРП-мен 242-дана ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстарын 100% орындады.

Қала және аудан әкімдері мен бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің мәліметіне сәйкес, жоспарланған білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандары мен кіші қазандықтардың жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр.

Сонымен қатар облыс бойынша 19 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталды.

Облыс бойынша бүгінде барлығы 1222 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің 92%-і жылу маусымына дайын.

Әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 39,6 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын керек, ал тұрғындарға қажеттілік 163,6 мың тонна.

Көмір бағасын бірқалыпты жағдайда ұстау үшін, әкімдік пен көмірді сатумен айналысатын өңірлік операторлар арасында меморандум жасалды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде көмір отынының бағасы тұрақты.

Жалпы қысқа дайындық мәселелері облыстық штабтың тұрақты бақылауында.