Қарағандыға жаңа әкім тағайындалды

Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды әкімі болып тағайындалды. Ол мұның алдында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Қаланың жаңа басшысын Жеңіс Қасымбек көпшілікке таныстырды.

Ермағанбет Қабдолұлының жұмыс тәжірибесі мол. Ол өз жобалары мен бастамаларын лайық жалғастыратынына сенімдімін. Нұрлан Ерікбайұлына атқарған үлкен жұмысы үшін алғыс айтамын. Оның қалада жұмыс істеген кезеңінде көп мәселе шешілді. Олардың көпшілігін ол өзі бастап, өзі шешті. Аулаларда, қаладағы үйлердің қасбеттерінде көп нәрсе жасалды, бірақ әлі де көп жұмыс істеу керек, — деді Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысының әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жеңіс Қасымбек жаңа қала басшысының алдына коммунал және қоғамдық көлік мәселелерін шешу сияқты бірқатар міндет қойды.

Ермағанбет Бөлекпаев Жеңіс Қасымбекке сенім артқаны үшін алғыс айтты.

Осы кезеңде көп жұмыс атқарылды. Алда әлі де ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сіздермен бірге алға қойылған міндеттерді орындайтынымызды айтып, сендіргім келеді, — деді ол.

Қарағанды, тағайындау
Фото: Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ермағанбет Бөлекпаев 1975 жылы 2 қыркүйекте Қарағанды облысы Шет ауданы Өспен ауылында туған. 1996 жылы Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы экономист қызметінен бастаған. Әр жылдары Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Павлодар ауданы әкімі, Павлодар облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының директоры, Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарының әкімі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.