Коронавирустың тарауына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия нысандардың қызметін жеңілдетудің екінші кезеңін мақұлдады.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанда 31 тамыздан бастап бассейндер, жаттығу залдары, спорт кешендері, мәдениет нысандары жұмысына рұқсат беріледі.
Мемлекеттік комиссия келесі нысандардың қызметін қайта бастау туралы шешім қабылдады:
- діни объектілер (жеке, ұжымдық іс-шаралар өткізілмейді);
- бассейндер (жеке форматта, 1 келушіге 5 шаршы метр су беті есебінен, алдын ала жазылу арқылы);
- жаттығу залдары (1 келушіге 5 шаргы метрге дейін, алдын ала жазылу арқылы);
- спорт кешендері (1 келушіге 5 шаршы метрге дейін жеке және топтық жаттығулар үшін).
- мәдениет нысандары (1 келушіге 5 шаршы метрге дейін, толымдылығы 50%-тен аспайды, оның ішінде кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 30 адамға дейін ұжымдық дайындықтар, үзілістерде бөлмелерді желдету, бетперде тағу қажет);
Сонымен бірге дүйсенбіден бастап мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, қорықтар, резерваттар ашылады. Бұған қоса қала маңындағы жолаушы пойыздарының, электр пойыздарының, қалааралық, облыс ішіндегі автобустардың, шағын автобустардың қозғалысына рұқсат беріледі.
