Қашықтан білім беру: мектептерде қандай өзгеріс болады?

Бір класта оқушы саны 15-тен аспайды

Қазақстанда жаңа оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады. Ата-аналардың тілектері мен өтініштері бойынша бастауыш класс оқушылары мектепке барып оқи алады. Бұл кезде білім алушылар мен педагогтардың дене қызуы күн сайын өлшенеді. Кезекші класта созылмалы аурулары жоқ балалар ғана білім ала алады (өтініште көрсетіледі). Бір класта оқушы саны 15-тен аспайды. Өтініштерді класс жетекшілері қолжетімді байланыс құралдары арқылы қабылдайды. «Кезекші класқа» қабылдау 25 тамызда басталады. Ал эпидемиология жағдайы қолайлы ауылдық елдімекендерде оқу процесі дәстүрлі форматта жүргізіледі.

Мектеп асханасы мен буфет жұмыс істемейді

Ата-аналар балаларды мектепке әкеліп, үйіне өзі әкетуі керек. Кезекші кластарда сабақтың ұзақтығы — 40 минут. Сабақтар арасындағы үзілістер әр класқа әртүрлі уақытта беріледі. Әрбір екінші сабақтан кейін кабинеттерде және әр үзілістен кейін, ауысымдар арасында дәліздерде, холдарда тазарту жұмыстары жүргізіледі. Мектеп асханасы мен буфеттің қызметі уақытша тоқтатылды. Білім беру ұйымдары дезинфекциялауға арналған құралдармен, аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелермен, санитайзерлармен қамтамасыз етіледі.

Мектеп формасына қатысты шешімді ата-ана өзі қабылдайды

Мектеп формасына қойылатын талаптар жойылмайды, бірақ тиісті бұйрыққа уақытша өзгерістер енгізіледі, яғни ата-аналар жаңа оқу жылында (1 қыркүйектен бастап 25 мамырға дейін) баласын мектепке формамен немесе басқа ыңғайлы киіммен жіберуге қатысты шешімді өзі қабылдайды.

Республикалық арналардан телесабақтар көрсетіледі

Білім және ғылым министрлігі қандай да бір білім беру интернет платформасын таңдауға қатысты шешім қабылдамайды. Әрбір мектеп интернет платформаны өзі таңдайды.

Өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағыдай, дүйсенбіден жұмаға дейін «Балапан» және «Ел-Арна» республикалық телеарналарында қосымша білім беру ресурсы ретінде пайдалану үшін телесабақтар көрсетіледі.

Сонымен бірге карантин және шектеу шаралары жағдайында 1-11(12) кластарда оқу жетістіктерін бағалау жүйесіне қатысты уақытша өзгерістер енгізілді. Жаңа оқу жылында тоқсан сайын бөлім үшін 1 жиынтық жұмыс және тоқсан үшін 1 жиынтық жұмыс жүргізіледі. Тоқсандық бағалау күнделікті бағалау, БЖБ және ТЖБ көрсеткіштері негізінде шығарылады.