Мектеп формасын кию ережесіне өзгеріс енгізілді

Бірнеше жыл бұрын Білім және ғылым министрінің мектеп формасын кию туралы бұйрығы қабылданған. Tengrinews.kz-тің мәліметінше, министр төтенше жағдайда ата-аналар баласына мектеп формасын алып бере алмаса, классикалық үлгідегі киіммен мектепке баруға болатынын хабарлады.

Біз бұл бұйрықтан бас тартпаймыз. «Мектеп формасы» ұғымының өзі, оның принципі мен қойылатын талаптары ешқайда кетпейді. Бірақ бұйрыққа арнайы тармақ енгіздік. Ол ТЖ кезеңіне, карантин, шектеу шараларына немесе тосын жағдайларға қатысты. Дәл осындай жағдайларда біз балаларға мектепке ұқыпты классикалық киімде келуіне мүмкіндік береміз, — деді министр.

Бас педагог мұндай шешімнің 2020-2021 оқу жылында ғана жүзеге асатынын айтты.

Ата-аналардың қазір мектеп формасын сатып алуға мүмкіндігі болмаса, олар балаларын классикалық және іскерлік стильде әдеттегі киіммен қамтамасыз етуі қажет. Осындай шешім қабылдадық. Қазіргі жағдайда бұл шешімді маңызды деп санаймыз, оны ұсыныс ретінде енгізбедік. Бұл шешімді білім және ғылым министрінің бұйрығына өзгерістер енгізу, оны әділет органдарында тіркеу арқылы жасаймыз, — деді Асхат Аймағамбетов.