Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның коронавирусқа...

Қазақстанның коронавирусқа қарсы вакцинасы адамға қашан егіледі?

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Қазақстанда биология қауіпсіздігі мен биотехнология салаларында 12 ғылыми ұйым, 2,5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Еліміздің 19 жоғары оқу орнында 4 мыңға жуық болашақ маман білім алып жатыр.

Биотехнология ұлттық орталығы — биология бағытындағы ірі ғылыми ұйымдардың бірі. Орталық сертификатталған 25 ғылыми зертханадан тұрады.

Пандемияның бастапқы кезеңінде, елімізге тест-жүйе әлі әкелінбеген кезде осы мекеменің мамандары SARS COVID-2 тірі штамын көрмесе де, жасанды синтезді пайдалана отырып, коронавирусты анықтайтын сенімді ПТР тест-жүйесін 6 күн ішінде әзірледі. Осы жүйенің арқасында індеттің алғашқы күндерінде жалпы диагностика жүзеге асырылды. Кейінірек алынған шетелдік диагностикалармен салыстырған кезде жүйенің анықтау қабілеті жоғары екені дәлелденді, — деді министр.

Бүгінде ұлттық орталық Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша 11 мың тест-жүйе әзірледі.

Биология қауіпсіздігі проблемалары ғылыми-зерттеу институты болса, 13 зертханасында қауіпті инфекцияларды зерттеп жатыр. Институт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды әзірлеуге келісімшарт жасасты. Институт жұмысы медицинада және ауыл шаруашылығында вакциналардың жаңа түрін әзірлеуге, иммунобиология препараттарын өндіруге бағытталған. Мекеме қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналардың 67 түрін өндірді.

Асхат Аймағамбетов институт ғалымдары әзірлеп жатқан коронавирусқа қарсы вакцина туралы айтты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әсері жойылған кандидат вакцинаны әзірлеу хаттамасын тексеріп, 15 мамырда тізіміне қосты. 15 мамырда оны клиникаға дейін сынау басталды: тәжірибе тышқандарына сынақ жасалып, вакцинаның қауіпсіздігі мен оның иммунитетті қорғауға қаншалықты қабілетті екені тексерілді. 10-23 маусым аралығында оның уыттылығы мен аллергия туғызатын қасиеттері зерттеледі, маусым-шілде айларында ол жануарларға, соның ішінде приматқа сыналады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Вакцина қыркүйекте клиникада сыналады. Министрдің айтуынша, сынақ сәтті болса, ол вакцинаны тексерудің келесі кезеңдеріне өтеді.