Вакцинадан бас тарту: дәрігерлер мен дін өкілі түсінік берді

Алматы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымованың айтуынша, адамдардың екпе егуден бас тартуының бір себебі — әлеуметтік желіде тарайтын жалған ақпарат.

Түрлі аурудың алдын алу үшін егілетін вакцина адам өміріне қауіпсіз. Сондықтан әлеуметтік желіде «вакцинация салдарынан қайтыс болды» деген жалған ақпаратқа сенудің қажеті жоқ. Екпе егуге байланысты ақпаратты интернеттен емес, дәрігерлерден алған жөн, — деді ол.

Айзат Молдағасымова
Айзат Молдағасымова. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Айзат Молдағасымованың айтуынша, еліміздегі барлық вакцинаның сапасына күмән келтірмеуге болады.

Түрлі инфекцияға қарсы вакцинациялар әуелі құжат бойынша тексерістен өтеді. Одан кейін лабораториялық тексеріс жүргізіледі. Қазақстандағы барлық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартына сай келеді. Сол себепті олардың сапасы жоғары деп айта аламыз, — деді Айзат Молдағасымова.

Руслан Қайыргелді
Руслан Қайыргелді. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Дөңгелек үстел кезінде азаматтардың екпеге қарсылық білдіруінің тағы бір себебі діни наным-сенім екені айтылды. Бұған Алматы орталық мешітінің бас имамы Руслан Қайыргелді жауап берді.

Ислам діні ешқашан ғылымға, медицинаға қарсы болмаған. Сондықтан екпе егуге болады, — деді имам.

Алматыдағы №12 аурухананың педиатры Светлана Постнова екпе салдыруға дейінгі және кейінгі шаралар бойынша дәрігерлерден кеңес алу керек екенін ескертті. Кез келген адам медицина қызметкерінен өзіне егілетін вакцинаның сапасы, оны шығарған кәсіпорын мен жарамдылық мерзімі туралы толық ақпарат алуға құқылы.

Айта кетейік, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, 2019 жылы вакцинацияға қарсы адамдардың саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда 15-16% азайған.