Коронавирусты анықтайтын тест жасаған ғалымдар алғыс естіді

Ғылыми институт ұжымдарын COVID-19 вирусын анықтайтын тест-жүйені әзірлеуімен құттықтаймын! Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары халықаралық стандарттарға сай келетін жүйені қысқа мерзімде жасап шықты. Жетістіктеріңіз отандық биомедицина саласының бәсекеге аса қабілетті екенін көрсетеді. Дүниежүзіне тараған коронавирус індетіне қарсы күрес жүріп жатқан кезде бұл жаңалық өте маңызды болып отыр. Әзірленген тест-жүйе мыңдаған азаматымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі деп сенемін, — деп жазылған Мемлекет басшысының хатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ғылыми орталықтың ел игілігі жолындағы қызметіне табыс тілеп, алғыс айтты.