Ұйқышылдыққа не себеп болуы мүмкін?
Дәрігердің айтуынша, оның пациенттерінің 20%-і көп ұйықтайтынын айтады. Көп ұйықтаудың үш себебі бар. Біріншісі — тұқым қуалайтын ауру — нарколепсия. Бұл ауру емделмейді. Нарколепсия адам денсаулығына еш әсер етпейді, бірақ науқас күніне үш-төрт рет ұйықтап қалатындықтан жұмыс істей алмауы мүмкін, отбасын құруы, жаңа ортаға бейімделе қоюы екіталай.
Адамның нарколепсиямен ауыратыны 12-16 жасында анықталады. Маған қаралатын науқастардың 1-2%-і осы ауруға шалдыққан. Олар көшеге жалғыз шыға алмайды, санай алмайды, кез келген жерде ұйықтап кете береді. Сөйтіп жүріп ақшасын, құжатын ұрлатып алатын кездері болады, — дейді сомнолог.
Дені сау адам көп ұйықтаса, ол ұйқы гигиенасын сақтамай жүрген болуы мүмкін. Бұл — көп ұйықтаудың екінші себебі. Ол бір уақытта ұйқыға жатып, бір уақытта оянбаудан немесе ересек адамның ұйқы нормасы — 7-8 сағат ұйықтамаудан болады. Адам ұйқыға сағат 23.00-ден кеш жатпауы керек.
«Жастардың жұмыстан шығып, сағат 21-22.00-дерде фитнес орталығына барып, денесін жаттықтыратынын көріп жүрміз. Демек, олар ұйқыға 00-01.00 шамасында жатады. Денені шынықтырудың өз уақыты бар. Жүрек пен қан тамырлары жақсы жұмыс істеуі үшін сағат 17.00-ден 20.00-ге дейінгі аралықта жаттыққан дұрыс. Денені бұл уақыттан кейін шынықтыру ұйқыға кері әсер етеді», — дейді Әлия Байдәулетова.
Күніне 8 сағат еңбек етсе де, үйіне бара жатып немесе үйде жүріп, жұмысын басынан шығармайтын адамдар бар. Олар созылмалы күйзелуге ұшырайды. Күйзелгенде денеде кортизол улы гормоны көбірек бөлінеді. Кортизол ми жұмысын қоздырады, сол себепті түнде адамның ұйқысы қанбай, күндіз де ұйықтай береді. Бұл гормоннан денені қозғалтып, жаяу жүріп, билеп немесе йогамен айналысып құтылуға болады.
Жұмыс күндері уақытында ұйықтап жүрген адамның демалыста ұйқыны қандыру үшін түске дейін жатуы дұрыс емес. Ағзаның биоырғағы болады, әр дене мүшесінің жұмыс істейтін уақыты бар. Ырғақ бұзылса, адам ұйқышыл болып, көңіл-күйі төмендейді, қан қысымы өзгереді. Биоырғақтың бұзылуын «десинхроноз» дейді. Күнделікті шамадан 4-5 сағат артық ұйықтасаңыз, ағзаға соның бір сағатын қалпына келтіру үшін 1-2 тәулік керек. Карантин кезінде адамдар ұйқы режимін бұзып алуы мүмкін. Десинхроноз денсаулыққа зиян, асқынса, онкологиялық ауруға шалдықтырады, — дейді дәрігер.
Көп ұйықтаудың тағы бір себебі — ұйқының обструктив апноэ синдромы. Синдромға шалдыққандар түнде қорылдайды, қорыл арасында тынысы 30 секундтан көп уақыт үзіліп тұрады. Терең тыныс арасында ұзақ үзіліс болады. Бұл синдроммен көбіне II, III дәрежедегі семіздікке ұшыраған адамдар ауырады. Ауруды емдемесе, адам таңертең тұрған соң миокард инфарктіне, инсультке шалдығып, тіпті ұйықтап жатып қайтыс болуы мүмкін. Әлия Байдәулетова 14 жылдан бері пациенттерді осы синдромнан емдеп келеді.
Ұйқының обструктив апноэ синдромына шалдыққан адамның түнде 300-500 рет тынысы үзіледі де, түнде осынша уақыт оянады. Оянатынын өзі білмей де қалады. Ұйқысы бөліне бергеннен күндіз көзі ілініп кете береді, — дейді маман.
Көп ұйықтамау үшін не істеу керек?
Адам нарколепсиямен, ұйқының обструктив апноэ синдромымен ауырмаса, дені сау болса, ұйқы режимін қалпына келтіруге болады. Ұйқы қалыпқа келсе, адам бұдан былай ұзақ ұйықтамайды. Ол үшін мынадай ұйқы гигиенасы ережесін ұстанған жөн.
- Күнде бір мезгілде ұйқыға жату керек. Норма — сағат 21-23.00 арасында ұйқыға жату;
- Күнде бір мезгілде ұйқыдан тұру қажет;
- Адам өзінің ұйқысы қанша сағатта қанатынын білуге тиіс;
- Ми пойыз сияқты. Ұйықтар алдында оның жүрісін баяулату керек. Сонда түнгі ұйқы тыныш болады, ұйқы қанады. Ол үшін ұйқыға 40 минут не бір сағат бұрын дайындалу керек. Жарық өшіріліп немесе бәсеңдетілуі керек. Смартфон, теледидар қарауға болмайды. Жылы душқа түсіп, түймедақтан, жалбыздан дайындалған шай ішу де ұйқы жоралғысына жатады.
- Төсекке міндетті түрде пижамамен жату керек. Пижама кигенде миға дененің ұйқыға қамданғаны туралы сигнал барады.