— Қатерлі ісіктің бар-жоғын үй жағдайында анықтауға бола ма?

— Дененің көрінетін бөліктеріндегі кей патологиялық ауруға күмән келтіруге болады. Бәрі ісіктің қайда орналасқанына және белгілеріне байланысты. Мысалы, теріде пайда болатын меланоманы алайық. Оның белгілері: тері түсінің өзгеруі, жара мен дақтардың пайда болуы, қалдан ылғалдың немесе қанның бөлінуі. Адам осындай белгілерді байқаса, ең бірінші дәрігерге баруы керек. Қатерлі ісіктің басқа түрлерін үй жағдайында тексеру мүмкін емес.

— Қатерлі ісіктен адам өзін дер кезінде қалай құтқара алады?

— Ісікті оның үлкеймей тұрған кезінде білсе, адам өмірін сақтап қала алады. Ол үшін дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Әр адам рентгенология және ультрадыбыс зерттеуінен өткені жөн.

— Бұл ауруды болдырмау үшін нені ескеру қажет?

— Ең біріншіден, уақытылы дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Спортпен айналысып, көп қозғалыңыз, таза ауада жиі серуендеңіз. Емдік гимнастикамен айналысқан да пайдалы.

Денсаулығыңызды күтіңіз. Денсаулықтан асқан маңызды нәрсе жоқ. Өзіңізді 100% қауіпсіздендіру мүмкін емес. Бірақ онкологиялық аурудың болу мүмкіндігін азайтуға болады. Сондықтан қатерлі ісікті немесе оның пайда болу процестерін ерте кезде медицина тексеруінен өтіп, бар-жоғын анықтап, емделу қажет. Сонда қатерлі ісік дамымайды, ұзақ өмір сүресіз.

Темекі мен алкогольді шектен тыс қолданбау қажет. Тіпті, мүлдем жоламаған жөн.

Мехти Сабиров
Мехти Сабиров. Фото жеке архивінен

— Күйзеліс пен шаршау, есте сақтау қабілетінің нашарлауы мида ісіктің пайда болуына әсер ете ме?

— Стрестен аулақ болыңыз. Бірақ күйзелісті қызбалықпен шатастырмау керек. Стресс түрлі созылмалы ауруларға алып келеді. Себебі ол ағзаға шамадан тыс жүк түсіреді, зиян нәрселердің ұзақ әсер етуіне көмектеседі.

Мидың қатерлі ісігі неден пайда болатыны әлі белгісіз. Оған айналаның қатты ластануы мен адамның соққы алуы әсер етуі мүмкін. Мида қатерлі ісіктің бар-жоғын білетін ең оңтайлы тәсіл – рентгенология. Ісіктің мидың қай бөлігінде орналасуына қарай адамның қозғалысы, белгілі бір заттарды үйлестіруі, есте сақтау қабілеті өзгеріп, көзі нашар көріп, сезімтал келеді. Бірақ мидың қатерлі ісігі көп тұқым қуаламайды. Ісікті магнит-резонанс және компьютер томографиясымен анықтауға болады. Хирургиялық жолмен ісікті алғаннан кейін морфология верификациясы қажет.

Қатерлі ісік мидың терісінде пайда болады. Ал кейде метастаз жолымен қалыптасады. Метастаз — қатерлі ісіктің пайда болып, дененің басқа жеріне таралуы. Біріншісі көп жағдайда жайлы болады. Егер метастаз басқа дене мүшелерінде пайда болса, ол — қауіпті түрі.

Метастаз ісік түрін емдегенде дәрігерлер тек аурудың бетін қайтарады. Сонда дәрігерлер келесі ісік пайда болғанға дейінгі уақытқа қолжеткізеді. Осылай аурудың бетін 1-2 жылға қайтара алуы мүмкін. Бұл пациенттің күтінуіне де байланысты.

— Жақындары қатерлі ісікпен ауырған адамдар нені ескеруі керек?

— Егер жақындарыңызда қатерлі ісік болса, ол сізге және бауырларыңызға жұғады деген сөз емес. Бірақ жылда толық тексеруден өтіп отырыңыз.

— Кеңесіңізге рақмет!