ШҚО-дағы Риддер қаласында 1–25 шілде аралығында ыстық су уақытша өшіріледі. Бұл ЖЭО-дағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Yk.kz мәліметінше, станцияның негізгі және қосалқы жабдықтарын жөндеу кестесі бекітілген. Соған сәйкес ЖЭО уақытша тоқтатылып, тұрғындарға ыстық су беру қызметі шектеледі.
«Шығыс Жылу» АҚ Риддер филиалының басшысы Кирилл Голотаның айтуынша, 2026 жылғы жөндеу науқанына үкімет резерві мен облыстық бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлінген.
Қаражаттың бір бөлігі жылу желілерін жаңартуға және ЖЭО жабдықтарын жөндеуге жұмсалады. Атап айтқанда, жоғары қысымды екі қазандық агрегаты мен бір турбогенератор жөнделеді. Сонымен қатар жаңа күл үйіндісі мен түтін мұржасының жобасы әзірленеді. Риддер жылу электр орталығында барлығы алты қазандық жұмыс істейді. Қалған төрт қазандықта да қажет бөлшектер ауыстырылады. Бұл жұмыстар тарифтік түсімдер есебінен қаржыландырылады, — деді Кирилл Голота.
Кәсіпорын басшысы қала тұрғындарының жылу мекемесіне берешегі шамамен 400 миллион теңгеге жеткенін айтты.
Бұл – кейінгі екі жылда жиналған қарыз көлемі. Біз 21 мың абонентке қызмет көрсетеміз, – деді Кирилл Голота.
Жоспар бойынша қазандықтарды жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін, ал жылу желілерін жаңарту 31 тамызға дейін аяқталуға тиіс.
