Адреналин, эндорфин, серотонин

Нұр-Cұлтандағы №12 қалалық емхананың кардиологы Роза Картеменованың айтуынша, сәл нәрсені көңілге алу мен күйзеліс жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсер етеді. Салдарынан адамның жүрегі ауыруы мүмкін.

Жағымсыз көңіл-күй, өмірдегі қайғылы сәттер адамның жалпы ағзасына кесірін тигізбей қоймайды. Көңіл-күй өзгергенде адреналин гормоны бөлінеді. Оның бәрі қанға түседі де, бауырда липопротеиндердің түзілуіне себеп болады. Сол липопротеиндер қанға көп мөлшерде бөлінсе, адам атеросклероз ауруына шалдығуы мүмкін. Атеросклероз инфаркт пен инсультке ұрындырады. Сонымен қатар адреналин заталмасу процесінің нашарлауына да себеп болады, – дейді Роза Картеменова.

Ал жағымды эмоция ағзаға пайдалы. Маманның айтуынша, ол эндорфиннің – бақыт гормонының бөлінуіне себеп болады.

Эндорфин күйзелісті басады. Рационға банан, апельсин, шоколадты қоссаңыз, эндорфин көбірек бөлінеді. Серотонин да – бақыт гормоны. Бұл гормон да жағымды, жақсы ойға, іске бастайды. Егер серотонин жеткілікті мөлшерде болмаса, адамның жұмыс істеу қабілеті нашарлайды. Серотонин Күн сәулесіне шыққанда көп бөлінеді. Күн сәулесі аз түсетін, суық өңірде тұратын адамдар жылы жердің тұрғындарына қарағанда күйзеліске бейім болады. Мұның себебі – серотонин гормонының жетпеуі. Олардың Күн сәулесі жақсы түсетін жерлерге барып, демалып тұрғаны жақсы, – дейді кардиолог.

Бірақ Роза Картеменова қатты қуанып, күлгеннің де зияны болуы мүмкін екенін ескертеді.

Қуанғанда да, қайғырғанда да адреналин бөлінеді. Жүрегі әлсіз адам қатты қуанып, адреналин көп бөлінсе, жүректің жарылуына дейін баруы мүмкін, – дейді маман.

Дұрыс тамақтанбау да жүрекке зиян

Дәрігердің айтуынша, етті, ауыр тамақты тойып жеу де қанайналым жүйесінің жұмысын нашарлатуы мүмкін.

Холестерин мен майлы қышқылдар қанға көп мөлшерде түссе, тамырды бітеп тастайды. Тамыр бітелген соң оның тонусы өзгереді, нашарлайды, тіпті күретамырлар зақымданады. Осылай атеросклероз ауруы пайда болады. Кейде дәрігерлер мұндайда адамның аяғын кесуге мәжбүр. Себебі аяқтағы тамырлар атеросклерозбен бітелген. Дұрыс тамақтанбау осындай қатерлі жағдайларға себеп болады, – дейді Роза Картеменова.

“Инфаркт тек орта жастан асқандарда жиі кездеседі” деген пікір бар. Бұл – қате тұжырым. Кардиолог бүгінде бұл ауру жастар арасында да көп кездесетінін айтты.

Қазір 20-дан енді асқан жастардың инфаркт салдарынан қайтыс болуы жиілеп кетті. Бұл жүрек талмасының жас талғамай бара жатқанын білдіреді. Осының бәрі стресс пен аз қимылдаудың, басқа да әлеуметтік жағдайдың да салдарынан деуге болады, – дейді маман.

Кардиологтың кеңесі

Өкінішке қарай, емделушілер бізге ауруы асқынғанда ғана келеді. Оларға тек дәрі жазып беремін. Дұрыс тамақтанып, жақсы көңіл-күйде жүруге кеңес беремін. Өмірге позитивпен қарайтындармен бірге жүрген жақсы. Көңіл-күйіңізді бұзатын адамнан аулақ жүрсеңіз – денсаулығыңызды да ойлағаныңыз. Спортпен айналысып, ауыр тамақтан бас тартыңыз, – дейді Роза Картеменова.

Психолог Мәдина Құсайынның айтуынша, көңіл-күйі өзгергенде адам өзін сабырға шақырмаса, бұл психикасына кері әсер етеді.

Жағымсыз көңіл-күйге берілген адам темекі мен ішімдікке әуестенуі немесе көп тамақтануы мүмкін. Отбасы мүшелерімен, жақындармен ренжісіп қалу да психологиялық саулықты бұзады. Адамға әртүрлі эмоция тән: бір кезде жылайды, біраздан кейін күліп отырады, ашуланады және тағы басқа. Бұл – қалыпты жағдай, – дейді маман.

Психологтың кеңесі

Күйзелістің интенсив стресс және қуаныш стресі деген түрлері бар. Қатты қуанғанда адам толқиды. Толқу күйзеліске дейін баруы мүмкін. Мұндай кезде медитация, йога, тынысалу жаттығулары көмектеседі.

Мұрынмен терең дем алып, оны төртке дейін санағанша ұстап, содан кейін демді ауыздан шығару арқылы бойдағы стресті сәл-пәл азайтуға болады. Бұл жаттығуды 7-10 рет жасаған жөн. Сонымен қатар ағылшын немесе басқа тілде 1-ден 10-ға дейін және керісінше санап, миға жүк түсіріп те, күйзеліске қарсы тұруға болады, – дейді психолог.