Астанада өткен мемлекеттік Ту көтеру рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне өзгерістер енгізілетінін айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оның айтуынша, үкімет жақын арада осы мәселеге қатысты қаулыға қажет түзетулер енгізеді.
Мемлекет басшысы ұлттық рәміздердің мәртебесін арттыру аса маңызды мемлекеттік міндет екенін атап өтті.
Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды. Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз – жеріміздің қауіпсіздігі және тұтастығының кепілі. Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді, – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, ұлттық нышандарды ұлықтау – әр азаматтың ортақ міндеті. Ол рәміздерді құрметтеу мемлекетке деген құрметтің көрінісі екенін айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстанның тұрақты даму жолына түскенін және биыл ел үшін ерекше маңызы бар жыл екенін атап өтті.
Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты талдауға және болашаққа стратегиялық жоспар құруға мүмкіндік береді. Аталған мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек, – деді президент.
Президенттің сөзіне қарағанда, 2026 жыл Қазақстан үшін ауқымды өзгерістер мен жаңа бастамаларға толы кезең болып отыр.
