Шымкентте коронавирус бесінші адамның қазасына себеп болды

Мемлекеттік комиссия шұғыл штабының хабарлауынша, Шымкентте коронавирус инфекциясынан бір науқас көз жұмды.

Шымкент денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Шымкенттің Абай ауданының тұрғыны, 78 жастағы әйел адам қайтыс болды. Ол 27 сәуірде «жедел респиратор вирус инфекциясы», «пневмония» диагноздарымен жедел жәрдем арқылы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер алған сынама оның коронавирус жұқтырғанын растады. 29 сәуірде науқас реанимацияға жатқызылды, жағдайы нашарлаған соң оған өкпені жасанды желдететін аппарат қосылды. Әйелдің ІІІ дәрежелі артерия гипертензиясы, созылмалы бронхит сияқты аурулары болған.

Реанимацияға қарамастан пациент 3 мамырда сағат 10.20-да қайтыс болды.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 27 адам қайтыс болды. Алматыда сегіз, Шымкентте бес, Ақмола облысында төрт, Нұр-Сұлтанда үш, Қарағанды облысында екі пациент, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында бір-бір адамнан көз жұмды.

3 мамырда қайғылы жағдай екі рет тіркеліп отыр, бұған дейін Қарағанды облысында бір науқас қайтыс болғаны хабарланды.