Қарағанды облысында коронавирустан екінші адам қайтыс болды

Қайғылы оқиға Қарағанды облысында тіркеліп отыр.

Коронавирус инфекциясынан Қарағанды облысында бір адам көз жұмды. Ол — 1958 жылғы азамат, — деп хабарлады Төтенше жағдай режимі жөніндегі мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.

Қайтыс болған адам — Шахтинск тұрғыны. «Пневмония» диагнозымен ауруханаға 5 сәуірде жатқызылған. Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығының шешімі бойынша 14 сәуірде СОVID-19 диагнозымен Нұр-Сұлтанға ауыстырылды. Науқас 19 тәулік бойы емделген, соған қарамастан 3 мамырда қайтыс болды.

Қарағанды облысында коронавирус осымен екінші науқастың өмірін қиды, бұған дейін 1 сәуірде өңірде алғашқы пациент қайтыс болған еді. 62 жастағы азамат дәрігерлерге кеш көрінген.

Қазақстанда COVID-19 салдарынан барлығы 26 адам қайтыс болып отыр: Алматыда сегіз, Шымкентте төрт, Ақмола облысында төрт, Нұр-Сұлтанда үш, Қарағанды облысында екі пациент, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында бір-бір адамнан көз жұмды.

Елімізде коронавирус жұқтырғаны анықталған адамдардың жалпы саны 3 877 болды, оның 995-і айықты.