Басты бетЖаңалықтарВолонтерлар 164...

Волонтерлар 164 отбасына азық-түлік себетін таратты

Кез келген адам атыраулық волонтерлар қатарына қосыла алады. Азаматтық орталық баспасөз қызметі хабарлауынша, волонтерлар мынадай бес бағыт бойынша жұмыс істейді:

  1. Авто-волонтерлар (тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек таратуға көмек).
  2. Медицина волонтерлары (жедел жәрдем қызметкерлеріне көмек).
  3. Мониторинг жүргізетін волонтерлар (азық-түлік бағаларына мониторинг жасауға көмек).
  4. Рейдке шығатын волонтерлар (полиция қызметкерлеріне көмек).
  5. Волонтер тігіншілер (бірнеше мәрте пайдалануға болатын маска тігуге көмек).

Азаматтық орталықтың директоры Әйгерім Досқалиеваның айтуынша, көмекке мұқтаж жандарға волонтерлар бір аптадан бері азық-түлік тасып жүр. Ол «Қалалық жұмыспен қамту бөлімі тізімінде бармын, денсаулығыма байланысты есепте тұрмын, 109 қауырт желісі операторлары нөміріңізді берді» деп хабарласқан жандарға штаб қолынан келгенше жәрдем етіп жатқанын айтты.

Кеше бізге бір өтініш түсті. Өтініш иесі 90 жастағы әжейге көмектесуді сұрапты. Бізде жалғызбасты қарттарға бірінші кезекте жәрдем беріледі. Азық-түлік алып, әжені іздеп бардық. Есікті ұзақ қақтық. Біраз уақыттан соң әже есік ашты. Құлағы дұрыс естімейді. Волонтер екенімізді айттық. Әженің әкесі соғысқа қатысқан екен. Төрде әкесінің медальдары ілініп тұр. Кіре берісте қызының суретін қойыпты. «Жалғыз қызым болған, ол да қайтты. Қызымды ойлаймын деп ауырып қалдым», — деп әжей көзіне жас алды. Алғысын жаудырып жатыр. Әжені бақылауға аламыз деп отырмыз, — дейді Әйгерім Досқалиева.

Фото: Азаматтық орталық

Азаматтық орталық қайырымдылық эстафетасын ұйымдастырып, 2 күнде 1 002 330 теңге жинаған. Бұл қаражатқа жалғызбасты қарттарға, көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедектігі бар жандарға — барлығы 164 отбасына азық-түлік себеті  алынып, таратылған.  Азық-түліктің бір себеті 13 600 теңгеден 14 800 теңгеге дейінгі бағада сатып алынды.

Қазір штабта 30-55 жас аралығындағы 100-ге жуық волонтер бар. Олардың бәрі — қала тұрғындары.

Волонтер тігіншілер бірнеше рет пайдалануға арналған 12 269 маска тікті. Полициямен бірге рейдке шыққан волонтерлардың айтуынша, қала тұрғындары әлі де карантин ережесін сақтамай жүр. Мониторинг жүргізетін волонтерлардың әрқайсы дүкендерді, супермаркеттерді аптасына үш рет аралап шығады. Олардың айтуынша, баға тұрақты.