Алматы облысы еріктілерінің фронт-кеңсесі ашылды

Осы орайда Волонтер жылы аясында Алматы облысы еріктілерінің фронт-кеңсесі жұмысын бастады.

Жиынға ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы, Dos.kz әлеуметтік волонтерлық орталығының жетекшісі Лариса Котельникова, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Бауыржан Момышұлы», «Намыс» төсбелгісінің иегері, бес дүркін Қазақстан рекордшысы, жерлесіміз  Тимур Сыпатаев, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны, жас волонтер Серік Есматов қатысып, лебіздерін білдірді.

Биыл 12 ақпан күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен республикалық Еріктілер фронт-кеңсесі ашылды. Шараға облыс еріктілері де қатысып, куә болды. Ерікті болудың артықшылығы мен маңызын айта отырып, Президент Алматы облысы еріктілерінің негізгі жұмыс бағыттарын айқындап, тапсырмалар берді. Біз  «Таза әлем» және «Білім» бағыттары бойынша жұмыс атқарамыз. Еліміздің өзге өңірлерінен бұрын алғаш болып Волотер жылын ашқан аймағымыз осы жолы да тұңғыш болып өңірлік фронт-кеңсе ашып отыр. Екі жыл бұрын Алматы  облысында ерікті болып құрылған белсенді жастардың саны бар болғаны тоғыз еді. Былтыр жылды 1043 ерікті, 19 еріктілер ұйымы болып аяқтаған едік. Бүгінде 1300-ден астам ерікті бар. Биыл олардың қатары тағы арта түсетініне сенімім кәміл. Себебі жыл басынан бері волонтерлыққа ұмтылып жүрген жастар тобы қосылып келеді. Облыс еріктілері  2019 жылы демеушілердің ықпалымен 5 көпбалалы отбасының баспаналы болуына жәрдемдесті. Бір жыл ішінде 160-тан астам тұрғынның үй шаруасына көмек көрсетті, — деді Алматы облысы жастар саясаты мәселелері  басқармасының басшысы Жомарт Қаратас.

Шара барысында бағзы заманнан біреудің тағдырына немқұрайлы қарамаған халқымыздың  игі ісі жалғасын тапты. Қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, көпбалалы және аз қамтылған 20 отбасыға көмек көрсетілді.