Қытай — біздің негізгі инвесторымыз — Нұрсұлтан Назарбаев

Кездесуде Елбасының ҚХР-ға биылғы қыркүйектегі жұмыс сапары барысында қол жеткізілген Қазақстан мен Қытай арасындағы уағдаластықтардың іске асырылу мәселелері талқыланды.

 

Қазақстан Президенті қыркүйекте екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелері талқыланғанын еске салды.

– Сапар барысында жалпы құны 20 млрд доллардан асатын 51 жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Яғни, Қытай Халық республикасы біздің негізгі инвесторымыз болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ли Кэцян Қазақстанға шақырғаны үшін Елбасыға алғыс айтып, оның сапары елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық мәні мен достық сипатын көрсететінін жеткізді.

Қытай Премьер-Министрі сондай-ақ ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді Қазақстанға шақырғаны үшін де Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.

– Біз алдағы уақытта да жоғары деңгейдегі байланыстарымызды жалғастыруға ниеттіміз. Өйткені ол өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Ли Кэцян.

Екі ел арасындағы келісімдердің табысты жүзеге асуының жарқын мысалы ретінде Ли Кэцян автомобиль құрастыру жөніндегі индустриалды ынтымақтастық жобасын атады. Елбасы осы кәсіпорында болған кезде елімізде алғаш рет құрастырылған электромобильді өзі жүргізіп көрген айтып, қабылданған барлық жобалар сапалы түрде және инновациялық деңгейде іске асырылатынына сенім білдірді.

 

 

ДереккөзАқорда