Әдебиет сыншысы: Отбасымызға ауру жұқтырмауды ойлауымыз керек

Қазір тек қазақ халқы емес, дүниежүзі кенеттен пайда болған індетпен күресіп жатыр. Оған байланысты түрлі пікір, сараптама, болжам жасалып жатыр, бірақ бұл — саяси не басқа да бір жағдайларға байланысты емес, тосыннан пайда болған індет. Одан адамзат бірігіп құтылмаса, әлем үшін індеттен сақтану қиын болады. Мәселен, қазір АҚШ 6 триллион доллар, Германия миллиардтаған еуро бөліп жатыр. Осы ретте Мемлекет басшысының да еліміздегі азаматтарға қаржылай қолдау көрсетілетінін айтқаны қуантады. Жалпы, осы уақытқа дейін елімізде ресми жұмыс істеп, бірақ жұмысынан айырылғандарға көмек берілсе, енді жұмыссыз азаматтардың бәрі қаржылай көмек алады. Бұл, меніңше, азаматтарымызға үлкен көмек болады, — деді ол.

Әдебиет қайраткері азаматтарды бұл қиын кезеңде мемлекетке ғана иек артып отырмауға үндеді.

Бизнесмендер, қалталы азаматтар мүмкіндігінше мұқтаж адамдарға көмек берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Дәл қазіргі қиын, қысылтаяң, ауыр уақытта өзім жақсы көретін халқымызды сабырға шақырамын. Біз кеше нәубет заманды басымыздан кештік. 3 миллионнан астам қазақ қырылып қалды. Соғыс кезінде, қуғын-сүргін кезінде қаншама қазақ қырылды. Қазіргі уақытта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілік танытуымыз керек, — деді Амангелді Кеңшілікұлы.

Әдебиет сыншысының айтуынша, қазіргі пандемия мен төтенше жағдай әрбір азаматқа отбасының, халықтың алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге ықпал етіп отыр.

Әрқайсымыз отбасымызға ауру жұқтырмауды, туыстарымызды аман алып қалуды ойлауымыз керек. Отбасы мүшелерінің бірі ауырса, дереу дәрігерге қаралған жөн. Кеше Қызылорда облысында тұтас бір отбасы осы инфекцияны жұқтырған. Сондықтан барша Қазақстан халқынан карантин режиміне жауапты қарап, тазалық сақтауды, аурудан қорғануды өтінемін, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз күні республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасады. Президент төтенше жағдай режимі кезінде ел азаматтарын әлеуметтік жағынан қолдау үшін бірнеше бағыттан тұратын жаңа шараларды жария етті.