Коронавирус жұқтырғандар саны 36 адамға жетті

Коронавирус індетін жұқтырған тағы бір адам Алматыда тіркелді. Осы сағатта Алматыда 18 адам, Нұр-Сұлтан бойынша 18 адам, жалпы 36 науқас тіркелді, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырудың барлығы 35 жағдайы тіркелгені мәлім болған еді. 18 наурызда 09.00-дегі мәлімет бойынша екі дерек Алматыда тіркелді, бірінші науқас — 1998 жылы туған студент қыз, ол 15 наурызда Ыстамбұл — Алматы рейсімен ұшып келген. Екінші науқас — 1974 жылы туған әйел Мәскеу — Алматы рейсімен 10 наурызда ұшып келген. Қазір науқастар стационар карантинінде, Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев Алматыдағы науқастардың бәрі қанағаттанарлық жағдайда деп мәлімдеді.

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин режимі енгізілді.