Алматыдағы коронавирус жұқтырғандардың жағдайы белгілі болды

Қазіргі кезде расталған «коронавирус инфекциясы» диагнозы бар төрт науқас жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы қанағаттанарлық. Біреуі орташа ауыр жағдайда. Олар бекітілген хаттама бойынша ем алып жатыр. Вирусқа қарсы және симптомдар бойынша терапия уақытында басталды. Қазір олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Қарым-қатынаста болған адамдар дәрігерлердің бақылауында. Оларға 3 сағаттық термометрия жүргізіліп жатыр. Коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған азаматтардың бәрінің жағдайы қанағаттанарлық. Температурасының көтерілуі немесе аурудың басқа белгілері анықталған жоқ, — дейді дәрігер Айгүл Әбдірахманова.

Оның айтуынша, ауруханадағы барлық медицина қызметкері коронавирус инфекциясының алдын алу және емдеу бойынша жұмыс істеуге оқытылып, дайындалған. Мамандар коронавирустың таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын сақтау керек екенін ескертеді. Тұрғындарға халық көп жиналатын орындарға барудан уақытша бас тартқан жөн. Сонымен бірге дәрігерлер жұқпалы аурудан қорғану үшін қолды сабынмен жиі жуып тұруға кеңес береді.

Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 13 наурызда Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Кейін Миланнан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір азаматтан коронавирус инфекциясы табылды. Бұдан соң Германиядан ұшып келген Қазақстан азаматының анализі ауруды растады. Осылайша алғашқы күні елімізде коронавирус жұқтырғандар төрт адам болса, бүгін олардың қатары екеуге көбейді.