Талдықорған дүкенінде 1632 отбасыға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріліп жатыр

Талдықорған әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекованың айтуынша, қазір қаңтар айының кепілдендірілген әлеуметтік азық-түлік пакеттері беріліп жатыр.

Қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың тізімі «Магнум» сауда үйіне өткізілген. Соған сәйкес, мұқтаж отбасылар осында келіп, құжаттарын көрсетсе болды, ала береді. Сол бойынша кассадағы қызметкер ведомость шығарып, тиісті пакетті тапсырады. Қазіргі кезде тек азық-түлік пакеттерін беріп жатырмыз. Бұл ай сайын беріледі. Ал тоқсанына бір рет гигиена пакеттері беріледі, — деді Талдықорған әкімінің орынбасары.

Кепілдендірілген пакет атаулы әлеуметтік көмекке іліккен отбасылардың бір жастан 18 жасқа дейінгі балаларына үлестіріледі. Әлеуметтік пакетке ай сайын берілетін азық-түлік жиынтығы, сондай-ақ тоқсан сайынғы, жыл сайынғы гигиеналық заттар мен киім-кешек те кіреді.

Бір жастан 3 жасқа дейінгі балаларға жеміс езбесі, гипоаллерген көкөніс езбесі, гипоаллерген балалар ботқасы, гипоаллерген жүгері жармасы, сұлы жармасы, балалар печеньесі, пастерленген балалар сүті ұсынылады. Ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға пастерленген балалар сүті, қатты сұрыпты бидайдан жасалған макарон, сұлы жармасы, күнбағыс майы, гематоген, астық дақылдарынан жасалған сүтті түйіршектер, балалар печеньесі, арпа жармасы, қарақұмық жармасы, уатылған бұршақ, ұнтақ ботқасы, табиғи бал беріледі.

Пакетте тұрмыстық химия тауарлары да қарастырылған. Ол тоқсан сайын беріледі. Атап айтсақ, пакетте бір жастан 6 жасқа дейінгі балаларға тіс пастасы, тіс щеткасы, сабын, гипоаллергенді сусабын, крем, кір сабын, кір жуатын ұнтақ бар. Бұл пакет отбасындағы 18 жасқа дейінгі әр балаға беріледі. Мектепте күн сайын тегін ыстық тамақ, мектеп формасы (жылына бір рет), оқу құралдары (жылына бір рет), қалалық қоғамдық көлікте жол ақысының 50%-ін өтеу де қарастырылған.

Мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға сертификаттарды оқу жылының басталуына дейін тамыз айында беру жоспарланған.

Ұлдарға арналған мектеп формасының жиынтығына пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті киюге арналған жейде, трикотаж жилет кіреді.

Қыздарға пиджак; жилет; белдемше; классикалық жейде; трикотаж жилет; сарафан беріледі.

Мектеп жабдықтарының жиынтығы 1-4-сынып оқушылары үшін: рюкзак; күнделік; жай дәптер (20 дана); қаламсауыт; сурет салуға арналған альбом; қаламсап (бес дана); жай қарындаш (10 дана); тыс (15 дана); ермексаз; акварель бояуы; сызғыш; өшіргіш бар.

5-9-сыныпта оқитындар үшін: рюкзак; күнделік; жай дәптер (20 дана); қалың дәптер (10 дана); қаламсауыт; сурет салуға арналған альбом; қаламсап (бес дана); жай қарындаш (10 дана); тыс (15 дана); пластилин; акварель бояуы; сызғыш; өшіргіш ұсынылады.

10-11-сынып оқушылары үшін: рюкзак; күнделік; жай дәптер (20 дана); қалың дәптер (10 дана); циркуль; қаламсауыт; қаламсап (бес дана); жай қарындаш (10 дана); тыс (15 дана); сызғыш; өшіргіш қарастырылған.