Қостанай облысындағы «Светофор» балалар лагерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жоспардан тыс жүргізілген тексеруден кейін асхана мен бірнеше жатын корпусының жұмысы уақытша тоқтатылып, лагерь иесіне 346 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тексеру әлеуметтік желілерде ата-аналардың лагерьдегі балалардың жағдайына қатысты шағымдары жарияланғаннан кейін жүргізілді. Қостанай облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары лагерьде бірқатар заңбұзушылықты анықтады.
Алтынсарин ауданының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері жедел әрекет ету шараларын қолдану туралы төрт қаулы шығарды.
Олардың қатарында міндетті медициналық тексеруден өтпеген және гигиеналық оқудан өтпеген асхананың тоғыз қызметкерін жұмыстан уақытша шеттету туралы шешім бар.
Балаларды тамақтандыруға рұқсат етілмейтін бірқатар өнімдерді пайдалануға тыйым салынды. Атап айтқанда, өсімдік майынан жасалған спред, ірімшік өнімі, қолдың сүті мен жұмыртқасы және жеміс шырындары анықталған.
Тексеру барысында №2 және №3 жатын корпустарында су жылытқыштардың істен шыққаны белгілі болды. Ал №4 корпустың жұмысы кәріз жүйесінің бітелуі мен санитарлық тораптағы ақауларға байланысты тоқтатылды.
Бұдан бөлек, асхананың жұмысы да уақытша тоқтатылды. Мамандар ыстық су жүйесінің талапқа сай жұмыс істемейтінін, орталықтандырылған су жүйесінің жоқтығын, су қорының жеткіліксіз екенін және санитарлық тораптардың қанағаттанарлықсыз жағдайда болғанын анықтады.
Анықталған санитарлық талаптарды бұзғаны үшін лагерьді басқаратын жеке кәсіпкерге 346 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Барлық заңбұзушылықты жою туралы санитарлық нұсқама берілді.
