Жұртшылықты мазалаған маңызды сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы өкілдері жауап берді.
Қордың Алматы филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, қорға жарна аударушылардың бірінші санаты — мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 топ. Бұл тізімге 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлер, ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернат тәрбиеленушілері, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттегі аналар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар бала күтімімен айналысатындар, студенттер, тергеу изоляторында отырғандар, жұмыссыз оралмандар кіреді. Олардың жалпы саны 11 миллионға жуықтайды.
Одан кейін жұмыс берушілер, жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер мен өз бетінше төлем жасаушылар деген санат бар. Жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін 2017 жылдың шілдесінен бастап жарна төлеп келеді. 2020 жылы бұл санат өз қаражаты есебінен әр қызметкердің жалақысынан 2% аударады.
Қалған санаттар жарна аударуға биылдан бастап кірісті. Соның ішінде жалдамалы жұмысшылар жалақының 1%-ін (жұмыс беруші айлық жалақыдан ұстап, қорға аударып отырады), жеке кәсіпкерлер 1,4 ең төменгі жалақының (42 500 теңге) 5%-ін (ай сайынғы төлем — 2 975 теңге) төлейді.
Алматыда өзін-өзі жұмыспен қамтыған 50 мыңға жуық адам тұрады. Бұл санатқа жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкер қатарына кірмейтін азаматтар жатады. Мысалы, жеке көлігімен адам таситындар, сүт сататындар, бала күтушісі болып жұмыс істейтіндер, яғни келісімшарт бекітпей-ақ жеке тұлғаға қызмет ететін жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлем төлеуіне болады, — деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Бірыңғай жиынтық төлем елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген еді. Жиынтық төлемнің ішінде өзге де әлеуметтік төлемдермен бірге сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40%-і болады. Бірыңғай жиынтық төлем — республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш немесе 2525 теңге, ауылдық жерлер үшін 0,5 АЕК немесе 1263 теңге көлемінде белгіленген.
Өз бетінше төлем жасаушылар санатына жататын азаматтар 1 ең төменгі жалақының 5%-ін аударады. Жарнаны кез келген екінші деңгейлі банктен, «Қазпошта» бөлімшелерінен, емдеу мекемелерінде орналасқан «Касса 24» терминалдарынан және Kaspi.kz қолданбасы арқылы төлеуге болады.