Кәсіпорындар 36 мыңнан астам жұмысшыға жалақы қарыз болған

Қазақстанның жұмыс берушілері тексеруден соң қызметкерлеріне жалпы сомасы 5,1 миллиард теңге болатын қарыз жалақыны қайтарды.

Жалақы
Фото: Тengrinews.kz

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек қатынастарын реттеу шаралары туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, еңбек мәселесі бойынша заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Заң жобасында жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, еңбек шарттарын электрон форматқа аудару және тағы басқа мәселелер қарастырылған.

Бүгінде елімізде жүргізіліп отырылған саясат халықтың әл-ауқатын және оның табысын көтеруге бағытталған. Осы мақсатта биылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есе ұлғайды, – деді Біржан Нұрымбетов.

Жыл басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мыңнан астам кәсіпорын 1,2 миллион жұмысшының жалақысын 32% көбейтті (46 мыңнан-61 мың теңгеге дейін). Қазір елімізде орташа жалақы – 182 мың теңге.

Министр жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда екенін айтты.

Кейінгі 3 жылда жалақы берешегінің өтелуі бойынша оң үрдіс байқалып отыр. Атап айтқанда, 2018 жылдың басымен салыстырғанда жалақы берешегі 34% немесе 740 миллион теңгеге төмендеді. Жыл басынан бері берешекке жол берген кәсіпорын басшыларына 1 мың 200 ұйғарым беріліп, 136 миллион теңге айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 36 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалып, 5,1 миллиард теңге қарызы өтелді, – деді Біржан Нұрымбетов.

Ведомство ұжымдық еңбек дауларын болдырмау үшін 170 мыңнан астам жұмысшысы бар 359 “қиын кәсіпорынды” бақылауға алған. Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, кейінгі 7 жылда еңбек жанжалдарының саны 3 есе азайды. Биыл республика бойынша 9 еңбек жанжалы болды.

Еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі – жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеу мүмкін болатын ұжымдық шарт жасасу, – деді министр.

Бүгінде ірі және орта кәсіпорындардың 96,7%-і жұмысшылармен ұжымдық шарт жасайды.

Министрдің мәліметінше, Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін 2 200 кәсіпорын пайдаланып отыр, оның ішінде қазақстандықтардың үлесі 96%-тен асады.

Еліміз бен шетел жұмысшыларын жалақы жағынан алалауға жол бермеу үшін еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірге 95 кәсіпорынға қатысты тексеруді аяқтады. Соның нәтижесінде еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісі анықталып, жойылды, 474 жергілікті жұмысшының жалақысы шетелдік әріптестерінікімен теңестірілді. Тексеру нәтижесі бойынша 681 рұқсаттама кері қайтарылды, шетелдік 393 жұмысшы елден шығарылды.

Министрлік бұл бағыттағы заңнама актілеріне түзетулер әзірледі, олар әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге және шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға жыл сайын тексеру жүргізуге, жыл сайынғы квоталар көлемін және жұмысшы мамандықтары бойынша шетелдік персоналды тартуды қысқартуға және үшінші және төртінші санат бойынша тартылатын шетелдік жұмыскерлерді қазақстандық кадрлармен ауыстыру бойынша жұмыс берушінің міндеттемелерін енгізуге бағытталған.