11 күннен соң бірыңғай жиынтық төлем жүйесі іске қосылады

Бірыңғай жиынтық төлем Қазақстанның жұмыс істейтін азаматтары үшін 4 міндетті төлемді бірреттік төлеммен алмастырады.

Төлем жүйесі ақша салық
Фото: Тengrinews.kz

Парламент Сенатының жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң екі оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін формализациялау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне қатысуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Өзгерістер мен толықтырулар 3 кодекске (Салық, Кәсіпкерлік, Бюджет кодекстері) және 19 заңға енгізіледі.

Заң жобасының негізгі жаңалығы бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық органдарында тіркеудің жеңілдетілген тәртібін көздейтін жаңа құқықтық режимді – Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізуді қамтиды. Қазіргі жағдай бейресми жұмыспен қамтылуға салық органдарында тіркелу мен есептен шығу, төлем жүйелерінің көптігі мен салық режимін анықтаудың қиындығы әсер ететінін көрсетіп отыр. Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеуді жеңілдету үшін Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу ұсынылады, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, БЖТ-ны төлеу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. Бірыңғай жиынтық төлем Қазақстанның жұмыс істейтін азаматтары үшін 4 міндетті төлемді бірреттік төлеммен алмастырады.

БЖТ-ны төлеушілер үшін кіріс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төмен ставкалар республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 АЕК (2525 теңге), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін 0,5 АЕК (1263 теңге) деп белгіленді, – деп нақтылады министр.

Бірыңғай жиынтық төлемнің үлесі: жеке табыс салығы – 10%; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар – 20%; Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы төлемдері – 30%; Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар – 40%.

Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу нәтижесінде бейресми жұмыспен қамтылғандар қатарындағы 500 мың адамның қызметін формализациялау көзделеді, сонымен бірге 65,4 мың төлеуші патент пен жеңілдетілген декларация негізінде қолданыстағы салық режимінен ауысады деп күтіп отырмыз, – деді М. Әбілқасымова.

Жалпы алғанда, Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, медициналық мекемелерді таңдауға; жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға әрі жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға; еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайға, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, бала 1 жасқа дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді. Түзетулердің екінші блогы “өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам” анықтамасына әртүрлі түсінік беруді жоюға бағытталған. Терминдерді бірыңғай қолдану үшін “жұмыспен қамтылған адам”, “жалдамалы жұмыскер”, “тәуелсіз жұмыскер” анықтамалары ұсынылады.