2019 жылы 37 судья теріс іс-әрекеті үшін жұмыстан шығарылған

Жақып Асанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2019 жылы 37 судьяның теріс іс-әрекеті үшін жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат берді. Бұл судьялардың бірі заңсыз шешім шығарса, бірі сот әдебін бұзған, енді бірі аттестациядан өтпеген. Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, бірқатар судья тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Жақып Асанов Қазақстан Президентіне сот шешімдерінің сапасын арттыруға бағытталған шаралар жөнінде де мәлімет берді. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» ұлт жоспары мен Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған міндеттерді орындай беруді тапсырды. Президенттің пікірінше, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы құқықтық дауларды шешу механизмі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу — маңызды міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жақып Асановқа сот жүйесін реформалауды жалғастыру жөнінде де тапсырма берді.