Бүгін түнде Орионидтер метеорлық жауыны жауады

Орионидтер метеорлық жауынының адамдарға ешқандай зияны жоқ. Бұл туралы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы «В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институт» ЖШС Ай және планеталар физикасы зертханасының меңгерушісі Виктор Тейфель «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Бұл метеорлардың денсаулыққа әсері жоқ, сондықтан бұл тұрғыда зиян келеді деп алаңдамауға болады. Олар 100-150 шақырым биіктікте жанып кетеді. Тек қана осы метеорлық ағымнан Жердің салмағы біртіндеп өседі. Осы тұрғыда аспанда аққан жұлдыздар секілді жарықты байқаймыз. Метеорлар жауынын түннің орта кезінде әлемнің кез келген нүктесінде ашық кеңістікте көруге болады. Алайда, жарық шамдары көп жерлерде мұндай құбылысты байқау қиындау», — деді Виктор Тейфель.

Орионидтер — ол жыл сайын жауатын метеорлық жауын, ол көзге аққан жұлдыздар сияқты көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, метеорлы жауынның кең шоғыры бүгін, яғни  21 қазанда байқалады. Осы кезде құлаған метеорлардың саны сағатына орташа есеппен 20-ға дейін, ал кейде 30 метеорға дейін жетеді. Олардың жылдамдығы сағатына 66 шақырымды құрайды.

ДереккөзҚазАқпарат