Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше қажеттігі бар балалар мен олардың ата-анасына арналған мерекелік іс-шара өтті. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен өткен кештің мақсаты – ерекше балаларға мерекенің атмосферасын сезіндіріп, әлеуметтік инклюзияны дамыту және олардың отбасына қолдау көрсету. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Іс-шараға 100 бала мен 100 ата-ана қатысты. Қонақтарды аниматорлар қарсы алып, мерекелік дастарханға жайғастырды. Ұйымдастырушылар балалар өзін еркін әрі жайлы сезінуіне жағдай жасап, оларды кештің бағдарламасымен таныстырды.

Әр балаға қуаныш сыйлаған мереке
Мерекенің ресми ашылу рәсімінде ұйымдастырушылар қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар балалардың қоғамдағы орны мен толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау керек екені айтылды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аманат Сұлтанғазиев мерекелік кешке балалардың қалай іріктеп алынғаны туралы айтып берді.
Бұл жоба осымен үшінші жыл өтіп жатыр. Қатысушылар қоғамдық ұйымдар арқылы және ата-аналардың өтініші негізінде іріктеледі. Ерекше қажеттігі бар балалардың ата-анасы өздерінің қоғамдық бірлестіктері арқылы жұмыспен қамту басқармасына жүгініп, алдағы іс-шараларға да қатыса алады, – дейді Аманат Сұлтанғазиев.

Іс-шарада балаларға арналған көңілді бағдарламалар, байқаулар, флешмобтар мен аниматорлардың қатысуымен интерактивті ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушылар белгілі иллюзионист Аббос Абдуллаевтың сиқырлы шоуын тамашалады.
Ұйымдастырушылар балаларға арнап естелік сыйлық та табыстады.

«Мерекелік іс-шара ата-ана үшін де маңызды»
Іс-шара аясында өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды. Қонақтар ән тыңдап, би қойылымын тамашалады. Сахнада түрлі жанрдағы шығарма орындалып, мерекеге ерекше атмосфера сыйлады.

Балалар мен ата-аналар өзара танысып, бірге уақыт өткізуге мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосу баланың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік белсендігін арттыруға көмектеседі.
Балам сал ауруына (балалардың церебралдық параличі) шалдыққан. Қос жанары көрмейді, құлағы естімейді. Алматыға балама ем қабылдау үшін Қызылордадан келдім. Емнен бөлек түрлі демеуші бізге әр мереке қарсаңында көңіл бөліп, бүгінгідей іс-шараға шақырып тұрады. Балаларға арналған кеш болса да, ата-ана ретінде көңілім бір сейіліп қалды. Болашақта мемлекет тарапынан қолдау артып, балаларымызға арналған тегін орталықтардың ашылғанын күтеміз, – деді Гүлжанар есімді ата-ана.

Ата-аналар мұндай кездесу балаларының қоғамға бейімделуіне көмектесіп, психологиялық тұрғыда оң әсер ететінін алға тартты.
Бүгінгі мерекеге шақырту алғаныма алғыс айтамын. Ұлымның көпшілік ортаға сіңісіп кетуі қиын, мұны ескеріп бағдарламаны әр балаға сай қылып ұйымдастырыпты. Көп жағдайда мұндай бүлдіршіндердің көңілін табу қиын. Ал балам сурет салғанды, мәдени орындарға барғанды ұнатады. Сондықтан алда ұсыныс түссе қалмауға тырысамыз. Қаламызда диагнозы айқындалған балаларға бірқатар оңалту орталықтары ашылса деймін. Орталықта тегін бассейн, түзету сабақтары болғанын қалаймын, — дейді Раян есімді баланың анасы Еркежан.
Ерекше балаларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қалада ерекше қажеттігі бар балалар мен ата-анасын қолдауға бағытталған түрлі әлеуметтік бағдарлама жүзеге асып жатыр. Оның ішінде оңалту қызметі, арнаулы техника құралымен қамтамасыз ету, инватакси қызметі және балалардың әлеуметтенуіне бағытталған жоба бар.
Қазір қалада 170 инватакси бар, оның 36-сы арнайы көтергіш құрылғымен жабдықталған. Бұл қызмет балалар үшін ыңғайлы.
Біз Алматыда инклюзивті ортаны дамытуға ерекше мән береміз. Әр бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, тең мүмкіндікке ие болуы керек. Бүгінгі мерекелік іс-шара бір реттік бастама емес. Тамыз айында балалар мен олардың ата-анасына «Ой-Қарағай» демалыс аймағына экскурсия ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар қазан айында Мүгедектігі бар адамдар күніне арналған арнаулы іс-шара өткіземіз. Біз мұндай жобаларды тұрақты түрде жалғастырып, мүмкіндігінше бірқатар отбасыға көмектесуге тырысамыз, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкері.

