Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытуға алғаш рет көп қаражат - 2,8 триллион теңге бөлінеді.

Үкімет денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа бағдарлама аясында халықты салауатты өмір салтына бейімдеу үшін қоғамдық денсаулық сақтау қызметі жаңғыртылады.

Медициналық көмек сапасын арттыру, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құруды аяқтау бойынша шаралар қолға алынады. Ол үшін ауруларды ерте анықтауға ынталандыру мақсатында емханалар мен ауруханаларды қаржыландыру жүйесі жетілдіріледі, – деді Асқар Мамин 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы мен бағдарламаның 2020-2025 жылдарға арналған жобасы қаралған отырыста.

Премьер-министр барлық өңірде жаңа технологиялармен медициналық қызмет көрсететін бастапқы медициналық көмек берудің озық тәжірибе орталықтарын дамыту жалғасатынын айтты. Медицина қызметкерлерінің статусын арттыру үшін медицина кадры ресурстарының ұлттық жүйесі құрылады.

Дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы орта есеппен 2 есе артып, оларды әлеуметтік қолдау шаралары, сонымен бірге кәсіби жауапкершілік шаралары да күшейтіледі. Жалпы бір дәрігердің жүктемесі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне дейін азаяды (1500 адамға 1 дәрігер), – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, алғаш рет салаға 2,8 триллион теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр, оның 2,2 триллион теңгесі – жеке инвестиция.

Осы қаражат есебінен 431 денсаулық сақтау объектісі салынады, оның ішінде 10 мың орынға арналған, халықаралық деңгейдегі 19 көпсалалы аурухана мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы салынады. Бұл ауруханалардағы емдеу орындарын 50% ұлғайтуға, медицина нысандарының тозуын 56%-тен 38%-ке дейін азайтуға мүмкіндік береді, – деді Премьер-министр.

Премьер-министр бұл шаралар медицина инфрақұрылымын жақсартуға, ауру-сырқаудың деңгейін азайтуға және қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін жеткізуге ықпал ететінін айтты.

Денсаулық сақтаудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттары туралы мына жерден толық оқуға болады.

Айта кетейік, 2016-2019 жылдары “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға шамамен 513 миллиард теңге бөлінген еді. Елімізде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарып, орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа жетті.