Басты бетЖаңалықтарКолледждер жыл...

Колледждер жыл сайын 100 мың студентке тегін білім береді

Білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жыл сайын 100 мың студент колледждерде тегін оқиды. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Үкімет отырысында бағдарламаның негізгі міндеттерін айтқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Министрдің мәліметінше, жаңа бағдарламаның «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады, оған бюджеттен 58 миллиард теңге қарастырылған.

Тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың студентті қамтиды. Ал қосарлы білім алумен қамтылған студенттердің саны 35%-ке жетеді. Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 63%-тен 75%-ке дейін артады, — деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Жаңа бағдарлама бойынша жоғары оқу орындары студенттері үшін 2025 жылға дейін барлығы 90 мың орынға арналған жатақханалар салынады. Оқытушылардың жалақысы көтеріліп, білім гранттары түрлері көбейтіледі.

2025 жылға дейінгі бағдарлама ауылдарда орта білім беру сапасын арттыру мен мектептердегі орын тапшылығын жоюды көздейді.

Болжам бойынша 2025 жылға қарай шамамен 500 мың оқушыға мектептерде орын жетпеуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет пен жеке сектордың есебінен мектептер салынады. Атап айтқанда, мемлекеттік бюджет пен жеке инвестиция тарту арқылы 650 мыңнан астам орынға арналған 800 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.

Бұл үшін 876 миллиард теңге бөлінеді. Соның нәтижесінде орын тапшылығы мен үш ауысымды мектептер мәселесі шешіліп, құлағалы тұрған мектептердің саны азаяды, — деді министр.

«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдардағы 114 интернаттың құрылысына 53 миллиард теңге бөлінеді.

Асхат Аймағамбетовтің мәліметінше, жаңа бағдарлама аясында мектептерді физика, химия, биология, STEAM кластарымен түгел қамтамасыз етуге 100 миллиард теңге бөлінеді, ал пән кабинеттерін компьютермен 100% жабдықтауға тағы 50 миллиард теңге жұмсалады.

Айта кетейік, білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттері: білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту және ғылымның ел экономикасына қосар үлесін арттыру.