Не болды?
Президент Астана медицина университетіне ұлттық мәртебе беру туралы ұсынысты қолдап, оқу орнына көрнекті ғалым Төрегелді Шарманның есімін беруді ұсынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Ақордада өткен жиында мемлекет басшысы жоғары оқу орнына медицина саласының көрнекті тұлғасының есімін беруді қолдайтынын айтты.
Президенттің айтуынша, Астана медицина университеті отандық жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарында тұр және цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицина бағытын дамытып келеді.
Үкімет университет жетістіктерін ескере отырып, оған ең жоғары – ұлттық университет мәртебесін беру орынды деп санайды. Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Сонымен қатар оқу орнына отандық тағамтану ғылымы мен профилактика медицинасының негізін қалаған, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шарманның есімін беру орынды болады деп есептеймін, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар президент Қарағанды медицина университетіне оқу орнының негізін қалаушы әрі көп жыл басшылық еткен Петр Поспеловтің есімін беру туралы бастаманы да қолдады.
Қарағанды медицина мектебінің қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешім қабылдау орынды, – деп жеткізді президент.
Астана медицина университеті ұлттық мәртебе алған жағдайда елордадағы алғаш салалық жоғары оқу орны ретінде осы атаққа ие болады.
Контекст
Естеріңізге салайық, талапкерлер KazGASA университетінде қабылдау талабы өзгергеніне наразы.
