Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беруге айрықша мән беріліп отыр. Себебі қызмет көрсету саласының кадрлары —  елдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ететін кәсіпқой жұмысшылардың орта буыны. Елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы да осы мақсатпен қолға алынған.

Кәсіптік салада жан-жақты, білімді, білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлауда дуалдық оқыту жүйесі тиімді болып тұр, өйткені бұл жүйе болашақ мамандардың өндіріске қажетті дағдыларын колледжден бастап қалыптастырады.

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің колледжі өкілдері Baribar.kz-ке дуалдық оқытудың маңызын дәлелдеп берді.

Бұл оқу орны 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір колледж 19 мамандық бойынша 400-дей студентті оқытып жатыр. Оның ішінде тамақ өнеркәсібі, сапаны бақылау, стандарттау, есептеу техникасы, байланыс, қаржы, есеп және аудит, экономика, құқықтану мамандықтары бар. Колледжде 50-ден астам оқытушы білім береді.

Бізде Мемлекеттік тапсырыспен 250-дей студент оқиды. Оларға стипендия және тегін түскі ас беріледі. Оқуды аяқтаған соң оларды жұмыспен қамтимыз. Тәжірибе маңызды болғандықтан оларды 2-курстан бастап мейрамханаларға, мамандығы бойынша басқа да компанияларға жұмысқа жібереміз. Бұл бағытта дуалдық оқыту жүйесі іске қосылған, — дейді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Майра Шалабаева.

КазИТУ колледжі
Майра Шалабаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

ҚазИТУ колледжі бірнеше мамандық бойынша дуалдық жүйемен білім береді. Стандарттау және сертификаттау мамандығы бойынша оқу орны QS Azia Sertik компаниясымен серіктес. Қазір QS Azia Sertik-ке ҚазИТУ колледжінің бес студенті барып жүр. Біреуі онда жазғы демалыс кезінде жұмыс істеген. Сонымен қатар дуалдық жүйемен тамақ өнеркәсібіндегі технолог мамандығында оқитын 25 студент білім алады. Олар Алматыдағы үш мейрамханада үш күн жұмыс істейді.

м
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Дуалдық жүйемен көбіне 11-сыныптан кейін түскен студенттер оқиды. Ол жерде әр студентке тәлімгер берілген. Олар бізден алған теориялық білімін бірден тәжірибе кезінде қолданып, теория мен практиканы ұштастыра алады. Студеттер нан пісіретін, ірімшік және колбаса цехтарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Сондықтан олардың көбі тәжірибеден өткен жерінде жұмысқа қалып  та жатады. Олай болмаса, оқуды бітірген соң әр студентті жұмыспен қамтуға тырысамыз, — дейді Майра Шалабаева.

КазИТУ колледжі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Грант бойынша технолог мамандығында оқимын. Тағам жасауды ұнатамын. Ал жақсы тамақ жасау үшін аспаздық негіздерді білу керек. Оны меңгеру үшін қазір теория мен практиканы бірге алып жүрмін. Соның арқасында кәсібімді тереңнен үйреніп,  білікті аспаз болуды мақсат еттім. Дуалдық жүйемен «Аист» мейрамханасында тәжірибе жинап жүрмін. Онда ыстық тағамдар, салаттар мен тәтті тағамдар әзірлейміз. Оқуымның үш күні — теория, үш күні — тәжірибе. Колледжде тамақ үлгілері мен оның технологиялық карталарын жасасақ, іс жүзінде мұны қолданып, рецепті түрлендіріп, сынап көреміз. Мысалы, көбі тәтті бәлішті пісіргенде кілегей қосып араластырады. Ал мен кілегейдің орнына майонез қосамын. Себебі майонез пирог бисквитінің көтерілуіне әсер етеді. Болашақта аспаздықты жалғастырып, жетілуді ойлап жүрмін, кейін өзімнің жеке мейрамханамды ашсам ба деймін, — дейді 2-курс студенті Ақерке Сайын.

КазИТУ колледжі
Ақерке Сайын. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мен стандарттау, метрология, сертификаттау мамандығы бойынша оқимын. Бірінші курсқа 9-сыныптан кейін түстім, 2-курстан бастап дуалдық жүйемен оқи бастадым. Қазір аптасына үш рет QS Azia Sertik компаниясына тәжірибе жинауға барамын. Қалған бос уақытымды теориялық сабақ пен колледждің қоғамдық өміріне арнаймын. QS Azia Sertik-те мамандық бойынша компьютерлік тапсырмалар, құжаттарды рәсімдеу, жазба жұмыстарын атқарамыз. Арасында түсіндірме сағаттары да өтеді. Лабораторияда жұмыс істеп көрдім.  Мен үшін мұның бәрін қазір үйрену маңызды. Себебі оқуды бітірген соң жиниған тәжірибем жұмысқа қабілетті болуыма әсерін тигізеді деп ойлаймын. Дуалдық жүйемен оқығандықтан колледжде алған екі күндік теориялық білімді іс-жүзінде қолданып, сынауға мүмкіндік бар. Мысалы, мемлекеттік құжаттарды шифрлеуді, арнайы ақпарат көздерінен қосымша мәліметтерді жинауды үйреніп, компаниядағы білікті мамандардан сабақ алдым. Теория бойынша айтылған нәрсені көзбен көргендіктен тәжірибеден өтіп, білім алған оңайырақ, — дейді 3-курс студенті Алтынбек Сәрсенов.

КазИТУ колледжі
Алтынбек Сәрсенов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Еңбек нарығында білікті мамандар тапшылығын жойып, сапалы кадр қалыптастыру басты назарда. Сондықтан колледжде студенттердің білім алуын оңтайландырып қана қоймай, олардың кәсіби маман болуы үшін тиісті жағдай жасау маңызды. Осы бағытта биыл ҚазИТУ студенттерге арнап бес қабатты жатақхана салды. Бұл —  «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында жасалған келелі іс, — дейді колледж директоры Бектұрған Ахмет.

КазИТУ колледжі
Бектұрған Ахмет. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Айта кетейік, «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деген үшінші бастамада Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған еді.

КазИТУ колледжі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

ҚазИТУ-дың жаңа жатақханасы барлық талапқа сай, жоғары стандарттармен жасалғандықтан «Студенттер үйі» деп аталады. Екінші қабаты тек колледж студенттеріне арналған.

КазИТУ колледжі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұрын ол жерде ескі жатақхана болатын, қазір жаңа студенттер үйінде кітапхана, конференция залы, хор, хореография, кіржуғыш машиналар залы бар.

КазИТУ колледжі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Студенттер үйінде барлығы 168 жатын орын бар, оның 28-і колледж студенттеріне арналған. Бөлмелері 2-3 орыннан тұрады. Онда сырттан келген, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан студенттер тұрады. Жатақхана жаңа болғандықтан енді-енді қолданысқа беріліп жатыр. Келесі жылы олардың саны көбюі мүмкін, — дейді Бектұрған Ахмет.

Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжі — жекеменшік мекеме. Соған қарамастан колледж өткен жылдан бері мемлекеттік білім гранты иегерлерін де оқытады. Бүгінде колледж түлектерінің үшеуі қазір докторантурада білім алып жатыр.