Президент: Ауыл мен қала балалары бірдей сапалы білім алуы керек

Қазақстанда қала мен ауыл балаларының білім деңгейінде айырмашылық болмауы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда өткен республикалық тамыз мәслихатында айтты.

Білім беру стандарттары бірыңғай болуы керек. Бұл білім беру бағдарламаларына да қатысты. Балалардың бәрі тұрып жатқан жеріне немесе ата-анасының әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бірдей сапалы білім алуы керек. Білім және ғылым министрлігіне табысы төмен отбасылардан шыққан немесе күрделі әлеуметтік жағдайда жұмыс істеп, төмен нәтиже көрсетіп жүрген мектептерде оқитын балалардың академиялық үлгермеушілігін жою туралы арнайы бағдарлама жасап іске қосуды тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, облыс әкімдері бұл мәселемен арнайы айналысуы керек, себебі жергілікті жерлерде балаларға қажет барлық жағдайды жасау — олардың тікелей міндеті.

Ауылдық жерлердегі шағынкомплектілі мектептердің бәрінде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беруге мәжбүр боп жүргенде қандай сапалы білім туралы айтуға болады? Өңір әкімдеріне облыс мектептеріне үздік менеджерлер мен педагогтарды тартуға грант бөлуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Білім беру — стратегиялық сфера, шын мәнінде — экономиканың бір саласы, сондықтан дұрыс көңіл бөлуді және капиталды талап етеді. Солай ғана өңірлер мен жалпы елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге болады, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге жастардың жоғары оқу орнында білім алуы үшін жеке грант бөлуді және түлектерді жұмыспен қамту жүйесін ойластыруды да тапсырды.

Ата-аналар отбасының барлық ресурсын сарқа отырып, балаларына сапалы білім беруге тырысады. Мемлекет оларға көмектесуі керек. Үкімет білім беруді өз қызметінің басым бағыты ретінде қарастыруға тиіс. Бүгінде жаһанның ішкі жалпы өнімі интеллектуал қызмет секторы есебінен өседі. Бұл — дамып жатқан үрдіс. Келешекте, яғни күні ертең-ақ әлемді жасанды интеллект басқарады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.