Даниал Ахметов «Менің мектебім» және «Білікті маман» жобалары туралы айтты

Қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрген 450 мыңнан астам жаңа оқулық сатып алынды. Нәтижесінде мұғалімдердің әдістемелік құралды меңгеру деңгейі 14%-тен 80 %-ке өсті. Ал білім сапасы 20% артты. Облыс әкімі Даниал Ахметов білім беру саласындағы жобалардың нәтижесі туралы айтты.

Биыл көптілділікті дамыту бағдарламасы аясында француз және неміс тілдерін оқыту қолға алынды. Алдағы үш жылда 3,7 мың мұғалім біліктілігін арттырады. «Менің мектебім» жобасы аясында 476 физика, химия, биология және робот техника кабинеті жабдықталды. Оған меценаттар жалпы сомасы 2,8 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді. 647 ІТ сынып ашылды. Онда балалар робот техника, 3D модельдеу және программалау бойынша тегін білім алып жатыр. Биыл облыстағы 371 шағын мектептегі білім сапасын арттыру мақсатында 2876 техника сатып алынды. Осы мектептерде жұмыс істейтін 573 мұғалім арнайы курстан өтті. Мұндағы мақсат — ІТ класстарда сабақ беруді меңгеру.

Ал робот техника, мехатроника және программалау пәндерінен сабақ беру үшін 1127 мұғалім «ІТ маман» курсынан өтті. Бұл өз кезегінде жаратылыстану және ғылыми бағытағы білім көрсеткішін 44%-тен 66%-ке арттыруға мүмкіндік берді.

Ауыл мен қаладағы білім сапасының көрсеткіші теңесті. Осылай өңірдегі барлық бала ІТ бағдарламаларды меңгеруге қол жеткізді, — деді Даниал Ахметов ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Облыстағы мектеп оқушылары ІТ жарыстарға қатысып, бұл салада зор жетістікке жетіп жатыр. Осы жылдың наурызында өткен Skills for geeks атты үш кезеңнен тұратын чемпионатқа 277 топ қатысты. Оның ішінде аудандардан 2134 бала келді.

Биыл облыста алғаш рет Jastar time атты ІТ хакатон өтті. Оған 14 команда қатысты. 40-тан астам бала үздік жобасын ұсынды.

16 мамырда Жастар жылына орай облыс орталығында VII Jastar time фестивалі өтті. Оған мектеп пен колледжден келген 200-ден астам бала мен студент қатысты, 95 жоба ұсынды. Олар төрт кезең бойынша бақ сынады. Атап айтсақ, «Мейкерлік», Junior skills, «Startup-жобалар», Cluster Pro және робо полигон деген төрт кезең болды. Үздік ІТ жобаларды ұсынған қатысушылар марапатталды. Оның ішінде мектеп оқушыларының 10 Start-up жобасы іске асырылды. Оларға «Digital East — болашаққа қадам» атты ІТ форумда гранттар тағайындалды. Осы мақсатты жалпы сомасы 10,6 миллион теңге бөлінді.

Осындай жобалардың арқасында жастардың инженерлік графика, робот техникасы және авиациялық жүйені пилотсыз басқару, мехатроника салаларына деген қызығушылығы артады.

Аймақтағы ЖОО-ның бәсекеге қабілетін арттыру және түлектердің шетелге кетуін азайту мақсатында «Білікті маман» жобасы іске асып жатыр. Бүгінге дейін облыста еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау үшін 1046 грант бөлінді. Оның 400-і биыл тағайындалды. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда шетелге кететін түлектерді 48%-тен 56%-ке дейін азайтуға мүмкіндік берді. Осылай өзге мемлекеттерде білім алуға ниетті жастардың саны 3 есеге азайды.