Автобензин өндірісі ішкі нарық сұранысын толық өтеп отыр

Биылғы 10 айда елімізде мұнай және конденсат өндіру көлемі 74,8 миллион тонна болды. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов баяндады.

Мұнай және конденсат өндіру көлемі 2018 жылдың 10 айымен салыстырғанда 0,3% артқан.

Биыл үш ірі мұнай-газ жобасында күрделі жөндеу жұмысы сәтті аяқталды: Қашағанда күрделі жөндеу жоспардан 15 күн бұрын аяқталған, Теңізде 3 күн бұрын аяқталды, Қарашығанақта 2019 жылғы 15 қыркүйектен 13 қазанға дейін өткізілді. Негізгі өндіріс тоқтатылғанына қарамастан осы жобалардағы өндіру қарқыны жоспардан аса орындалып жатыр, — деді бірінші вице-министр.

Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, осы жылдың 10 айы ішінде Қашағанда 11,5 миллион тонна мұнай өндірілді, бұл 2018 жылдың сондай кезеңіне қарағанда 7,4 % көп және жоспардан 6,4% артық. Теңізде 24,6 миллион тонна мұнай өндірілді — 2018 жылдың сондай кезеңінен 5,1% және жоспардан 2,5% көп. Қарашығанақта 9,1 миллион тонна мұнай өндірілді, бұл 2018 жылдың 10 айымен салыстырғанда 9% аз, бірақ жоспардан 2,2%-ға көп.

Энергетика министрінің бірінші орынбасары ведомство биыл барлығы 90,5 миллион тонна мұнай мен конденсат өндіріледі деп болжап отырғанын айтты.

Осы жылдың 10 айы ішінде газ өндіру көлемі 46,3 миллиард текше метр болды. Бұл 2018 жылдың сондай кезеңіне қарағанда 1,5% өсім көрсетіп отыр. Жыл басынан бергі 10 ай ішінде мұнай өңдеу көлемі 14,17 миллион тонна болды. Бұл 2018 жылдың сондай кезеңіне қарағанда 5% өсім көрсетіп отыр. Бірақ 10 айдың жоспарынан 1,2% төмен. Бұл ретте 2019 жылдың жоспары 17 миллион тонна, болжам 17,1 миллион тоннаға дейін көтерілді, — деді ол.

Негізгі мұнай өнімдері — бензин, дизель отыны, әуе отыны және мазут бойынша өндіру көлемі 10,5 миллион тонна болып отыр. Бұл 2018 жылдың 10 айына қарағанда 10,2%-тен асады. Автобензин өндіру көлемі 3,6 миллион тонна, ол 2018 жылғыдан 112,5% көп.

Автобензин өндіру көлемі еліміздің ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді. Осы жылы шілде айынан бастап автобензин экспорты басталды, экспорт көлемі 42,6 мың тонна болды. Жалпы, мұнай өнімдері нарығында жағдай тұрақты. Жанар-жағармай тапшылығы байқалмайды, — деді Махамбет Досмұхамбетов.

Биылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда АИ-92 маркалы жанармайдың 1 литрінің бөлшек саудадағы бағасы 148,5 теңге болды. Дизель отынының бағасы — 193 теңге.

11 қарашадағы мәлімет бойынша еліміздің ішкі нарығындағы жанар-жағармайдың қалған қоры мынадай көлемде: АИ-92 жанармайы — 185,2 мың тонна, дизель отыны — 133,1 мың тонна. Дизель отынын жеткізу графигі бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 394 мың тонна жөнелтілді. Биылғы 10 айда елімізде барлығы 4,1 миллион тонна дизель отыны өндірілген.