Депутаттар шетелге дизель отынын шығаруға тыйым салуды ұсынды

Мәжіліс депутаттары Қазақстаннан шетелге дизель отынын шығаруға толық тыйым салуды ұсынды.

Тауардың түпкілікті бағасы мен экономиканың нақты секторының дамуына дизель отыны құнының теріс әсерін ескере отырып, отынның осы түрінің бағасының төмендеуіне тұтынушылардың негізгі бөлігі мұқтаж болып отыр деп санаймыз. Осыған байланысты Үкіметке акциздер мөлшерін төмендетуді, сонымен бірге шетелге дизель отынының шығарылуына толықтай тыйым салуды ұсынамыз, — деді депутат Айқын Қоңыров Мәжілістің жалпы отырысында.

2018 жылы Қазақстанның үш негізгі мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмысы аяқталып, ішкі нарықты К4, К5 санаттарындағы мұнай өнімдерімен қамтуға мүмкіндік туды. Ресейдің өнімдеріне деген сұраныс айтарлықтай төмендеді. Депутаттың айтуынша, елімізде өндіріс көлемінің артуына байланысты және ішкі нарықты қорғау шараларына орай 2018 жылы АИ 95/96 мен АИ 92 бензиндерінің бағасы 5%-ға төмендеді. Ал жазғы дизель отыны құны 21,9%-ға, қысқы дизель отыны бағасы 26,2%-ға көтерілді.

Жүк және жолаушылар тасымалының басым бөлігі дизель отынымен жүретін көліктерге тиесілі. Аталған жағдай қызмет көрсету құнының өсуіне себеп болды, — деді депутат.

ДереккөзInform.kz